Биылдан бастап кәсіпкерлер салықтық есепті бұрынғыдай тоқсан сайын емес, жылына бір рет тапсырады. Бірыңғай жер салығы жойылды. Мүлікті сатқаннан кейін төленетін салық мерзімі де ұзартылды. Прокурорлар мен облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері теріскейлік кәсіпкерлермен кездесті. Шарапаты мол шарада бизнес өкілдеріне жаңа Салық кодексі кеңінен түсіндірілді.
АЛМАС АСАИНОВ, СҚО прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры:
— Шара барысында ашық диалог форматында кәсіпкерлерге заңнаманың жаңа талаптары түсіндіріледі. Бизнесті жүргізудің өзекті мәселелері мен оларды құқықтық шешу жолдары талқыланды. Акция кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Ойын бизнесіне қатысты салық көлемі ұлғайтылды. Кәсіпкерлер бұрын 20 пайыз мөлшерінде корпоративті табыс салығын төлеу керек болды. Келер жылы мемлекеттік алым 25 пайызға өседі. Жаңа құжатқа сәйкес, ұйымдарға бұрынғыдай жоспарлы тексерулер жүргізілмейді. Мамандар әр кәсіпкерлікке ескертпей келеді. Шараға Астанадан білікті бухгалтерлер шақыртылған. Олар апта бойы серіктестіктерді аралап, бар білгендерін үйретеді.
ГҮЛНӘР ҒАЛЫМОВА, сертификатталған кәсіби бухгалтер:
— Камералдық бақылау ескерту сипатында болады. Салық берешегін өндіріп алу, кейінге қалдыру және бөліп төлеу рәсімдері жеңілдетілді. Берешек аз болған жағдайда бизнес шоттарға тыйым салынбайды. Көлік салығына қатысты да өзгерістер бар. Енді темір тұлпардың шығарылған жылына салық көлемі азайды. Егер мүліктің шыққанына 10 жыл болса – салық 30 пайызға, 20 жылдан асса 50 пайызға төмендейді. Сонымен қатар, жеке тұлғалардың банк шоттары да бақыланатын болады.
Кәсіпкерлер мен тұрғындарды өздері көп қолданатын банк аударымдары жайлы ақпарат қызықтыратыны сөзсіз. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл бағыт бойынша өзгерістер енгізілмеген.