Жол мәселесі уақыт күттіретін шаруа емес. Оның күтіміне атүсті қарауға болмайды. Әсіресе, республикалық маңызы бар трассаларды басты назарға алған жөн. Себебі, бұл жолдармен күніне жүздеген көлік жүреді. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” мен “ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясының мамандары бірлесіп, республикалық трассаларда рейд өткізді.
ҚАНАТ ӨСЕРБАЕВ, “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” РМК СҚОФ директоры:
— Біз ең алдымен техниканы тексереміз. Тазалау және төсеу жұмыстарына дайын ба екенін бақылаймыз. Сонымен қатар, дайындалған құм-тұз қоспасының жеткілікті болуын қараймыз. Тексеріс кезінде ақау тапсақ бірден акт толтырамыз. Жауапты серіктестік сол бойынша жұмыс істейді.
Облыстағы жолдар желісінің ұзындығы 8 мың 400 шақырымды құрайды. Оның 2 мыңы – республикалық. Аталған трассаларды күтіп ұстаумен “КАЖсервис” серіктестігі айналысады. Қазіргі таңда аталған маңызды жұмысқа 300-ден астам маман тартылған. Сонымен қатар, жауапты ұйым республикалық маңызы бар жолдардың бойына 245 жаңа жол белгісін орнатып, 200-ден астам су өткізу құбырын оқшаулаған.
АЙБЕК ҚОРЖЫМБАЕВ, “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:
— Республикалық жолдарды күтіп ұстауға 150-ден астам техника жұмылдырылды. 4 мың 300 тонна құм мен 1 мың 900 тонна тұз дайындалды. Қажетті реагенттер жеткілікті, жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. Қыста жолдарды қар алып қалмас үшін трассалардың барлығын тексеріп, олардың бойындағы бұталарды кестік.
Ұлттық сапа орталығының мамандары тексеріс қорытындысын ведомстволық “KazDorLab” порталына енгізеді. Базада жинақталған деректер бейінді министрлікке қарасты Автомобиль жолдары комитетінің өкілдеріне қолжетімді болады.