ТЖ

СҚО-да өрттің алдын алу шаралары күшейтілді

Өңірде сақылдаған сары аяз күшейе түсті. Температура төмендеген сайын жер үйде тұратын тұрғындар пешті ұзақ жағып, электр құрылғыларын жиі қолдана бастайды. Бұл өрт қаупінің артуына әкеледі. Осыған орай аймақта алдын алу шаралары күшейтілді.

Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары Жұмысшы кентіндегі үй-үйді аралап жүр. Олар пештер мен мұржалардың жай-күйін, электр желілерінің қауіпсіздігін мұқият тексеруде. Кемшіліктер анықталды. Ресми өкілдер тұрғындарға түтін жолының бітелуі, қабырғадағы жарықтар бойынша ақыл-кеңес берді.

АЯН ҚҰСАЙЫНОВ, СҚО ТЖД басқарма бастығының орынбасары:

— Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өрттің негізгі себептері – отқа немқұрайлы қарау, электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбау және пештегі ақаулар. Жанып жатқан пешті назардан шығармау қажет. Тоқ жүретін сымдар, қуаттандырғыш жабдықтар шамадан тыс жүктемеге шыдамайды. Осыған мән беру қажет. Адамдардың бас амандығы үшін біз әртүрлі бағыттағы алдын алу шарасын күшейттік.

Өкінішке қарай, жылыту маусымы басталғалы бері өңірде 114 өрт оқиғасы тіркелген. Тілсіз жаудың салдарынан 18 адам қаза тауып, 4 адам жарақат алған. Ал жыл басынан бері орын алған 12 өрттің 8-і жеке тұрғын үй секторында болған. Мамандардың айтуынша, қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.