Қаңтардың 9-ы мен 11-і аралығында Астанада жеңіл атлетикадан кезекті қысқы Қазақстан чемпионаты өтті. 19 облыстың өкілдері бақ сынаған сайыста жерлестеріміз жақсы нәтиже көрсетті. Жалпыкомандалық есепте өңір құрамасы 5-ші орын иеленді.
АЛЕКСАНДР ЭКТОВ, жеңіл атлетикадан облыстың аға бапкері:
— Командада 12 спортшы болды. 5 медаль қоржынға түсті. Қысқы чемпионат болғандықтан барлық сайыс жабық алаңда өтті. Оған бөлек бағдарлама бойынша дайындалдық. Жеңіл атлеттер 1 ай дайындалды. Нәтиже көңіл көншітеді. Астанада біздің басты мақсатымыз қазан айында Жапонияда өтетін Азия ойындарына жолдама алу болды. Байрақты бәсекеде өнер көрсету үшін спортшылар сынға түскен қашықтықтарын белгілі бір уақыт ішінде бағындыру қажет еді.
Жарыста алтыннан алқа тағынған солтүстікқазақстандықтардың бірі – Вадим Левченков. Ол Қазақстан чемпионатында екі бірдей қашықтықта топ жарды. Өкінішке қарай, жерлесімізге Азия чемпионатына жолдама алуға бірнеше секунд қана жетпей қалған.
ВАДИМ ЛЕВЧЕНКОВ, жеңіл атлетикадан ҚР екі дүркін чемпионы:
— Біз тамаша физикалық дайындықта болдық. Әзірлік жұмыстарының басым бөлігі “Борки” кентінде өтті. Кейін көрші Қырғызстан еліне барып, қызу дайындалдық. Онда 2 апталық оқу-жаттығу жиыны болды. Өзім 1500 және 3000 метр қашықтықта бақ сынадым. Қарсыластарымды бұрыннан танимын, жастар да көп. Жеңіске жету бақыты бұйырды.
Сонымен қатар, Никита Изотов 800 метр қашықтыққа жүгіруде жеңімпаз атанды. Жерлесіміздің жеңіл атлетикамен айналысып жүргеніне небәрі 2 жыл болған. Бұған дейін чемпионымыз Президенттік көпсайыс бойынша түрлі додаларға қатысыпты.
НИКИТА ИЗОТОВ, жеңіл атлетикадан ҚР чемпионы:
— Өткен жылы Қазақстан кубогына қатысып, дәл осы 800 метрге жүгірдім. Онда 4-ші орын бұйырды. Ал биыл Қазақстан чемпионатында асығым алшысынан түсті. Президенттік көпсайыстан жеңіл атлетикаға ауысу оңай емес. Өзіндік қиындықтары бар. Әзірге көрсеткіштерім жаман емес деп ойлаймын. Алдағы мақсат – жазғы Қазақстан чемпионатында топ жару.
Қазақстан чемпионатында Кирилл Субботин мен Арсен Умиржанов та жақсы нәтиже көрсетті. Біріншісі 800 метрге жүгіруде қола жүлде еншілесе, екіншісі үш қарғып секіру сайысында күмісті місе тұтты. Спортшыларды алда жарыстар күтіп тұрды. Жерлестеріміз сол бәсекелерде Жапонияда жалауын желбірететін Азия ойындарына жолдама алуды көздейді.