Құқық қорғау органдары

Құтқарушылар науқас баланы Петропавлға әкеле жатқан жүргізушіге көмектесті

Өңір құтқарушылары күшейтілген режимдегі жұмысты жалғастырып жатыр. Мамандар жолға шыққан адамдарға қол ұшын созуда. Бүгін түнде мамлюттік құтқарушылар өзбекстандық азаматтарға көмек көрсетті. 18 жолаушысы бар автобус қатты аязға шыдамай Покровка ауылының маңында істен шыққан. Көлік Ресейдің Түмен қаласынан Бішкекке бара жатыпты. Таңғы 5 кезінде оқиға орнына полицейлер мен құтқарушылар жетіп, жәрдем берді.

ОЛЖАС ЖҮНІС, СҚО ТЖД жоспарлау және жедел басқару орталығының бастығы:

— Біз азаматтарды Мамлютка қаласындағы гимназияда орналасқан жылыту пунктіне жеткіздік. Онда ыстық тамақ берілді. Көлік жөнделді, жолаушылар қайта жолға шықты. Қазір облыс бойынша 232 жылыту қосыны бір. Егер оқыс оқиға орын алса, шақыру бойынша жетеміз. Кей кезде жолда қалған көліктер арнайы тексеру кезінде де анықталады.

Түнде құтқарушылар реанимобиль көлігін де Петропавлға жеткізді. Оның ішінде ана мен 1 жарым айлық нәресте болыпты. Сәби Тайынша қаласынан екі жақты пневмония диагнозымен облыстық аурухана жіберіліпті. Қуанышымызға орай, бала дәрігерлерге жетті.

ДАМИР БАШЕНОВ, СҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

— Барша тұрғыннан аязды немесе қатты желді күндері жолға шықпауды сұраймыз. “112” нөмірінен телефонға SMS-хат жолданады. Соған назар аудару қажет. Себебі, тәуекел қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Егер қатты қажеттілік туындаса, жолға шығар алдында машинаны тексеріп, жылы киім алып, телефонды қуаттаған жөн.

Айта кету қажет, алдағы күндері өңірде суық ауа райы сақталады. Жолдар жабылады. Бұл ретте ресми ақпаратқа сүйенген жөн.