Қызыл жалыннан, көмірқышқыл газынан қорғанудың бірден-бір тәсілі – алақандай ғана датчик қою. Төбеге орнатылады. Көзге оттай басылып, ыңғайсыздық туғызбайды. Былтыр облыста осы құрылғы 10-нан астам адамның өмірін сақтап қалғанын білген жөн.
АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
— Профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылы көмірқышқыл газы датчиктерінің 3 рет іске қосылуы тіркелді. Нәтижесінде 13 адам қауіп төнген жерден шығып, аман қалды. Дабыл қағатын құрылғыны орнату – бүгінгі күннің талабы. Осы мақсатта тұрғындармен 300-ге жуық кездесу өткіздік. Мән-жайды, датчиктің пайдасы туралы кеңінен айттық.
Петропавлда 5781 әлеуметтік осал топтағы отбасы бар. Құтқарушылар осы санаттағы жанұялар тұратын үйлерге құрылғыны тегін орнатады.
ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:
— Дабыл қаққыш өзінің пайдасын талай мәрте дәлелдегенмен біздің арамызда оған сенбейтін жандар бар екен. Заман игілігіне күмәнмен қарайтындар – зейнеткерлер. Биыл қолдарына құрылғы ұстап барған мамандарды 5-6 адам үйлеріне кіргізбепті.
Көмірқышқыл газы датчигінің пайдасына көз жеткізу үшін арнайы эксперимент жасадық. Көлік іске қосылды. Құбырынан шыққан түтінге құрылғыны жақындаттық. Бірден дыбыс шықты. Датчик қойып, өмірін сақтап қалған жандар төтенше жағдайлар қызметкерлеріне алғыс білдіруде. Жуырда Ясная Поляна ауылында қайғылы жағдай орын ала жаздады. Кішкентай ғана құрылғының арқасында 7 адам аман қалды.
ВЛАДИМИР ЕЙКЕЛЬ, Тайынша ауданының тұрғыны:
— Бізге көмірқышқыл газы датчигін орнатып берген әкімдік пен төтенше жағдайлар қызметінің мамандарына шынайы алғысымды білдіремін. Осы құрылғы кешке үйге тараған көмірқышқыл газын анықтады. Мен ұйқыдан бірден ояндым. Терезелер мен есіктерді ашып, үй-жайды толық желдеттік. Нәтижесінде отбасым аман қалды.
Алдын алу жұмысын жалғыстыру – құтқарушылардың міндеті. Өңір үшін түтін және көмірқышқыл газын бірден анықтайтын 2 мыңнан астам датчик сатып алыныпты. Олар аудандардағы әлеуметтік осал санаттағы отбасылар тұратын үйлерге қойылмақ.