Есіл өзенінде қарсы реттегіш салынады. Нысан Ақмола облысының аумағында бой көтермек. Ол еліміздің солтүстік бөлігіндегі елді мекендерді көктемгі тасқыннан қорғамақ. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов журналистермен өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
— Бұл мәселенің көтерілгеніне біраз болды. Біз министрлік құрылған сәттен бастап жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатырмыз. 2025 жылы құжат мемлекеттік сараптамадан өтті. Қарсы реттегіш құрылысының құны 102 млрд теңгені құрайды. Маңызды жобаны қаржыландыру үшін Азия даму банкімен меморандум жасадық. Банк қарыз ақша береді. Биыл құрылысты бастауды көздеп отырмыз.
Жоба әртүрлі бағытта тиімді. Жаңа құрылыс тұрақты және басқарылатын сумен жабдықтауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ су тасқыны мен құрғақшылық қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
— Көктем мезгілінде Есіл өзенімен өте көп мөлшерде су өтеді. Сондай кезеңде біз тіршілік көзін Астана қоймасында ұстап тұра алмаймыз. Артық орын жоқ. Бөгеттен асқан су Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев қоймасына барады. Соңғы жылдардағы жағдайды өздеріңіз білесіздер. Өзен арнасынан асып, елдімекендерді басты. Бұған жол бермеудің бірден-бір тәсілі – қарсы реттегіш салу.
Қарсы реттегіштің көлемі 870 млн текше метрді құрамақ. Жинақталған тасқын су болашақта шамамен 25 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабын суару үшін пайдаланылады.