БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
— Қаңтардың алғашқы жұлдызынан бастап елімізде айлық есептік көрсеткіштің мөлшері 4 325 теңгеге көтерілді. Бұл айыппұлдың өсуіне әкелді. Өзіміз білетіндей, айыппұлдың түр-түрі бар. Көпқабатты үйлерде бұзушылықтар орын алып тұрады. Біреу темекі шегеді, екіншісі қоқыс тастайды, ал үшіншісі шулайды. Мұндай жайттармен таныспыз. Баспана – ортақ мүлік. Тыныштық, тазалық сақталуы қажет. Егер сақталмаса, тәртіпсіз тұлғалар жазаға тартылады.
Подъезде, жедел сатыда, паркингте табак, кальян және өзге де ұқсас өнімдер шегілмеуі қажет. Шегілген жағдайда құқық бұзушы 64 875 теңге айыппұл арқалайды. Егер үйреншікті әдетін қайталаса, көрсеткіш 86 500 теңгеге артады.
БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
— Қоқыс жайлы айтайық. Подъезде балалар арбасы, жәшік, құрылыс материалдарын және қалдықтарды ұзақ сақтауға болмайды. Бұл ереже еленбесе, тұлғаға 43 250 теңге айыппұл салынады және аумақты ретке келтіру міндеттеледі. Егер жағдай өзгермесе, жаңадан салынатын айыппұлдың сомасы 86 500 теңгеге өседі.
Подъезде ұйықтап қалуға қатаң тыйым салынған. Мұндай жайт 86 500 теңгеге дейін айыппұл төлеуге немесе әкімшілік қамауға алуға әкелуі мүмкін. Түнгі уақытта шулау – өрескел бұзушылық, көршілерге деген құрметсіздік. Мазаны қашыратындарға алдымен 21 625 теңге, кейін 43 250 теңге төлеу міндеттеледі. Подъезде немесе үйдің аумағында ішімдік ішу әкімшілік жазаға әкеледі. Егер тұлға ащы сумен анықталса, тәртіп сақшысы 21 625 теңге айыппұл салады. Бұл жайт қайталанса, салынатын айыппұлдың көлемі 10 АЕК немесе 43 250 теңгені құрайды.
Ит ұстайтындардың назарына! Шылбырсыз аулада жүру, үй жануарын рұқсат етілмеген жерде қыдырту үшін жаза қарастырылған. Бірінші ретте айыппұл 43 250 теңгені құрайды. Тұлға ережеге пысқыра қарап, қайта заң бұзса 86 500 теңге төлейтін болады.