Шаһарда жасөспірімдер арасында үлкен тенистен халықаралық турнир өтуде. Қаңтардың 10-ы күні басталған сайыс 16-сына дейін жалғасады. Мұнда 14 жасқа дейінгі ұл-қыздар өзара мықтыны анықтайды. Ал қаңтардың 17-сі мен 23-і аралығында 16 жасқа дейінгі жастар арасында турнир ұйымдастырылады.
ЖАСҰЛАН САРТАЕВ, қазақстандық теннис турының менеджері:
— Мұндай халықаралық деңгейдегі жарыстың Петропавлда өтіп жатқаны – зор жетістік, ал жас спортшылар үшін бұл – тәжірибе жинақтайтын үлкен алаң. Бүгінгі додада жас теннисшілердің Tennis Europe жүйесіндегі маңызды ұпайларын жинақтауға мүмкіндіктері бар.
Дүбірлі додаға көрші Ресей мен Өзбекстаннан іріктелген жастар келген. Сайысқа жалпы 60-қа жуық шымыр жиналған. Оның 23-і – ер бала, қалғаны – қыз. Өңір намысын қорғап келген жастың бірі – Камила Билялова. Оның спорттың бұл түрімен айналысып жүргеніне 7 жылға жуықтапты.
КАМИЛА БИЛЯЛОВА, турнирге қатысушы, Петропавл қаласы:
— Қарсыласым өте жақсы дайындалыпты. Өкінішке қарай, бүгін есе жіберіп алдым. Дегенмен мұңаймаймын. Жүлделі орын алуға әлі де мүмкіндігім бар. Болашақта атақшы теннисші болғым келеді. Сол үшін барымды салып, дайындалатын боламын. Алда мені талай жеңіс күтіп тұрғанына сенімдімін.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге грамоталар мен естелік сыйлықтар табыс етіледі.