Құқық қорғау органдары

СҚО-да көліктеріне жалған нөмір таққан шетел азаматтары ұсталды

Ел аумағында полицейлер “Жалған нөмірлер” атты жедел алдын алу іс-шарасын өткізді. Аты айтып тұрғандай, арнайы шара барысында заңға қайшы келетін көлік құралдары тоқтатылды. Соның бірі 60 жастағы петропавлдыққа тиесілі. Ол айналма жолда тіркелмеген квадроциклмен жүрген. Бұл құқықбұзушылық үшін тұлғаға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

САЯТ ДҮЙСЕНБИН, Петропавл қаласы ПД патрульдік полиция батальоны взводының командирі:

— Іс-шараның бірінші күні жол қозғалысы ережелерінің 130-дан астам бұзылуы тіркелді. 10 тұлға мемлекеттік нөмірсіз жүрген, ал 12 көлікте оқылмайтын нөмір болған, 1 адам мас күйде рөлге отырған.

Жалған мемлекеттік нөмірмен көлік басқарғаны үшін 4 жүргізуші 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 1 жыл мерзімге рөлге отыру құқығынан айырылды. Олардың екеуі – Ресей Федерациясы Түмен облысының тұрғындары. Полицейлер жүргізушілерді «Жезқазған – Петропавл» автожолында тоқтатты. 27 жастағысы «Land Rover», ал 33 жастағы азамат «Mercedes Benz» маркалы автокөлікті басқарған.

— Сонымен қатар 3 күн ішінде 155 жүргізуші көлік басқару кезінде ұялы телефон қолданғаны үшін, 202 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Петропавл қаласының аумағында мұндай құқықбұзушылықтардың 83 фактісі орын алды. Оның 37-сі – рөлде байланыс құралын пайдалану. Бұдан бөлек, мас күйінде темір тұлпар тізгіндеген 6 тұлға ұсталды — СҚО полиция департаменті.

Әрбір көлік иесі қауіпсіздікке, тәртіпке мән беруі қажет. Сол үшін полицейлер жан-жақты алдын алу шараларын өткізуде. Әр бастама адамның өмірін сақтауға негізделген. Өкінішке қарай, статиска мәз емес. Жыл басынан бері облыста 7 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 6 адам қаза тапты.