Құқық қорғау органдары

Полиция қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады

Солтүстік Қазақстан облысы аумағында қыс қаһарына мінеді. Алдағы күндері аймақта қатты аяз болады, боран соғып, қалың қар жауады. Ауа райының күрт нашарлауына байланысты полиция қызметкерлері өңір тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. Сүйектен өтер суықта және қатты желде жолда қалып қоймау қажет. Күмән туғызатын адамдардың да жүріс-тұрысын бақылаған жөн. Осыған байланысты тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істемек.

МАРАТ ЖҰМАЛИЕВ, СҚО ПД бастығының орынбасары:

— Құрметті азаматтар! Адамдарға көмек көрсетуге облыстық және қалалық патрульдік полиция батальондарының жеке құрамы, сондай-ақ аудандардағы учаскелік инспекторлар бағытталған. Жүргізушілер 112 қызметінен келетін SMS-хабарламаларды қадағалап отыру керек. Ауа райы нашарлаған жағдайда аса қажеттілік болмаса, қала сыртындағы автожолдарға және алыс сапарларға шықпаған абзал. Күрделі метеорологиялық жағдайлар жол-көлік оқиғаларының және адам өлімінің қаупін едәуір арттырады. Ал егер жолға шығу міндетті болса, жылдамдық режимін, арақашықтықты сақтап, жол қозғалысы ережелерінің талаптарын қатаң орындаңыз.