Жуырда Президент Жарлығымен азаматтардың құқықтық тәртібі мен қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының “Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы” Заңы қабылданды. Жаңа нормаларды жүзеге асыру мәселелері облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтің төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысында талқыланды. Аталған заң профилактика субъектісі, мүліктің меншік иесі, бірлестік басшылары, кәсіпкерлер мен басқа да азаматтардың құқығы мен рөлін нақты айқындайды.
АЛЕКСАНДР РОЗБАХ, СҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары:
— Азаматтарды ынталандыру үшін мемлекеттік наградалар, ақшалай сыйақылар және құқықбұзушылықтарды фото және бейнежазба арқылы хабарлағандарға марапаттар қарастырылған. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі таңда жасөспірімдер қылмысы 33%-ға өскен, көбі түнгі уақытта жасалады. Негізгі себептер – ата-аналар бақылауының әлсіреуі мен бос уақыттың дұрыс ұйымдастырылмауы. Сондықтан, кешенді алдын алу шаралары қажет.
Құжатта құқық бұзушылықтың алдын алуға тек мемлекеттік органдар ғана емес, қарапайым азаматтар мен қоғамдық ұйымдар да белсенді қатысуы керек екені айтылған. Солайша, кез келген заңсыз әрекетке, оның ішінде ғаламтор мен цифрлық платформалар арқылы жасалатын құқық бұзушылықтарға қарсы көзқарас қалыптасады.
ЗӘКІРЖАН МАМЛЮТОВ, қалалық мәслихат депутаты:
— Облыстық полиция департаменті жанындағы нашақорлықтың алдын алу жөніндегі кеңестің қызметі профилактика жүйесінде ерекше орын алады. Өткен жылы өңірде жүздеген профилактикалық іс-шара өткізілді. Жастармен, оқушылармен және педагогтармен көптеген кездесулер ұйымдастырылды. Білім беру мекемелерінде тұрақты түрде түсіндіру кездесулері өткізіліп, нашақорлыққа қарсы фильмдер мен бейнематериалдар көрсетіліп жатыр.
Бұл Заңда алғаш рет «антиәлеуметтік мінез-құлық» деген ұғым енгізілді. Ол қоғамда қабылданған тәртіпке сәйкес келмейтін әрекеттерді білдіреді. Алайда, мұндай әрекет жасағаны үшін адам бірден жазаланбайды. Жауапкершілік тек сол іс ұсақ бұзақылыққа немесе басқа нақты құқық бұзушылыққа жатса ғана қолданылады. Егер заң бұзылғаны дәлелденбесе, айыппұл да, басқа да жаза қолданылмайды.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
— Аудан әкімдеріне құқықбұзушылықтың алдын алу туралы заңды толық түсіндіру және оны сапалы жүзеге асыру міндеті жүктелді. Сонымен бірге, білім, мәдениет және спорт салаларының өкілдерімен бірлесіп жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған қосымша шаралар қабылданады. Оған спорттық, мәдени және қоғамдық іс-шараларға қатысу арқылы жасөспірімдерді пайдалы істерге тарту кіреді.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының “Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы” заңы 2026 жылдың 2 наурызынан бастап күшіне енеді.