Білім

Қозыбаев университетінде жасанды интеллектіні меңгеруге арналған қысқы мектеп жұмысын бастады

Білім беру саласында цифрлық технологияларды қолдану бүгінде аса маңызды. Осы бағытта оқытушыларға жаңа дағдылар мен тәжірибе алу мүмкіндігі берілуі қажет. Қозыбаев университетінде жасанды интеллектіні меңгеруге бағытталған қысқы мектеп жұмысын бастады.

АЙГҮЛ НҰРПЕЙІСОВА, Қозыбаев университетінің басқарма мүшесі:

— Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осы тұста білім беру саласына жасанды интеллект енгізу мәселесі айрықша маңызды болып отыр. Бүгінде бұл оқу процесінің ажырамас бөлігіне айналып, университеттің заманауи тұрғыда дамуына елеулі үлес қосуда. Сол себепті, оқытушылардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану – білім сапасын арттырудың және университеттің бәсекеге қабілеттілігін күшейтудің негізгі факторы болып табылады.

Қысқы мектеп барысында қатысушылар жаңа цифрлық құралдармен жұмыс істеуді меңгеріп, жасанды интеллектіні білім беру процесіне бейімдеудің нақты жолдарын қарастыруда. Сабақтар интерактивті форматта өткізіліп, тәжірибеге басымдық берілуде.

МАРИЯ ПОНОМАРЕНКО, Қозыбаев университеті “Журналистика” кафедрасының аға оқытушысы:

— Бүгінде біз жасанды интеллектіні тек теорияда емес, іс жүзінде де қолданудамыз. Мысалы, оқу материалдарын талдау, студенттердің білім деңгейін автоматты бағалау, интерактивті тапсырмалар ұйымдастыру және сабақ жоспарын оңтайландыруда пайдаланамыз. Бұл бізге оқытуды тиімдірек жүргізуге, әр студентке жеке тәсіл қолдануға мүмкіндік береді және білім сапасын арттыруға ықпал етеді.

Мамандардың айтуынша қысқы мектеп оқытушылардың кәсіби әлеуетін арттырып қана қоймай, университеттің білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Ал алынған тәжірибе алдағы оқу үдерісінде кеңінен қолданылатын болады.