Депрессияға түспес үшін не істеу керек? Одан шығудың қандай жолдары бар? Облыстық психикалық денсаулық орталығының мамандары Ескендір Дәуітов атындағы қызмет көрсету саласы колледжінің студенттеріне қоғам дерті жайлы біршама мағлұмат берді. Қазіргі таңда күйзеліс пен стресс көпшілік үшін үйреншікті жағдайға айналды. Бірақ оларды дер кезінде еңсермесек депрессияға айналып кетуі мүмкін. “Аталған дерт тек көңіл-күйге ғана емес, адамның ойлауына, жұмысқа деген ынтасына, жалпы өмір сапасына әсер етеді”, – дейді психолог Ирина Якимова.
ИРИНА ЯКИМОВА, облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы:
— Депрессияның негізгі белгілерін айта кетсем, адамның ұзақ уақыт бойы көңіл-күйі болмайды, бұрын қуаныш сыйлаған ісіне қызығушылығы жоғалады. Сонымен қатар, ұйқысы бұзылып, тәбеті өзгереді. Өзін-өзі бағаламайды, жиі кінәлайды. Бойында күші болмай, үнемі шаршап жүреді. Егер өзіңізден осы белгілерді байқасаңыз бірден психологтарға жүгінген жөн.
Білікті мамандардың сөзінше, депрессиядан сақтану үшін тұрақты ұйқы мен дұрыс тамақтану аса маңызды. Әр күнді жоспарлау арқылы психологиялық тұрақтылықты сақтауға болады. Физикалық жаттығулар жасап, жақын адамдармен жиі сөйлесу қажет. Сонымен қатар, әлеуметтік желіні көп қарамауға тиіс екенбіз. Мына отырған ұл-қыздарға бүгін осы сияқты мағлұматтар айтылды.
АЙНҰР МӘКЕНОВА, Е.Дәуітов атындағы қызмет көрсету саласы колледжінің студенті:
— Бүгінгі шарадан мол ақпар алдым. Ойға түйгенімді міндетті түрде жақындарыма жеткіземін. Сессия кезінде жастардың алдында белгілі бір күрделі жайттар туындауы мүмкін. Сол сәттерде күйзеліске түсіп кетпеу жолында бүгінгі жиынның маңыздылығы зор.
Айта кету керек, былтыр облыстық психикалық денсаулық орталығына депрессияға ұшыраған 80-нен астам адам келіп, емделген. 2024 жылғы көрсеткіш әлдеқайда төмен. Психологтар бұны жақсылыққа балайды. Себебі, іштей тұнып, өз-өзіне қол жұмсағаннан гөрі ауруын жасырмай білікті мамандар кеңес алған жөн, – дейді.