Елімізде 13-ші қаңтар Халықаралық депрессиямен күрес күні аталып өтіледі. Бүгінде өңірде күйзелісте жүрген жандар психикалық денсаулық орталығында психосоматика және невроздар бөлімшесінде ем ала алады. Өткен жылы аталған мекемеде 270-ке жуық адам емделген. Оның 80-нен астамы – жасөспірім.
ДӘУРЕНБЕК БЕЙСЕМБАЕВ – СҚО психикалық денсаулық сақтау орталығының директоры:
— Орталықтағы бұл бөлімше 2020 жылы ашылды. Оның маңыздылығы Covid кезінде қатты байқалды. Тұрғындар жұмыссыз, төрт қабырғаға қамалып қалды. Сол уақыттан бері мыңға жуық жан ем алды. Соңғы 3 жылдың өзінде өзіне өзі қол жұмсамақ болған 200-ге жуық жасөспірім емделген.
Жалпы депресиия жас талғамайды. Оған жасөспірімдер де, ересек жандар да ұшырауы әбден мүмкін. Оның стресс пен селқостық күйден басты айырмашылығы – ұзақ уақыттқа созылуы. Күйзеліс кезінде міндетті түрде психологтардың көмегіне жүгінген абзал. Себебі, оның салдары өте ауыр болуы ықтимал.
МАРИНА ШАКУБАЕВА, СҚО психикалық денсаулық сақтау орталығының психиатр дәрігері:
— Жалпы, депрессияның туындауына көптеген фактор әсер етеді. Әсіресе, әлеуметтік орта мен отбасылық жағдай маңызды рөл атқарады немесе жақындарынан айырылып, көңілі қалған, сәтсіздікке ұшыраған адам қатты қайғырып күйзеліске түсіп жатады. Тағы бір маңызды фактордың бірі – әлеуметтік желі. Көпшілік жылтыраған экраннан көрген дүниеге сенеді. Сөйтіп, өзге өмірге қызығып, өз өмірін ұмытып кетіп жатады
Күйзелістің жеңіл және ауыр түрі бар. Алғашқы сатыда науқастар емханалардағы психологтармен әңгімелесіп, дәрі-дәрмекпен емделе алады. Ал жағдай күрделі болса, арнайы комиссияның шешімімен орталыққа орналастырылады. Ем-дом шаралары 2 аптадан 1 айға дейін созылуы мүмкін. Мұндай күйзелістегі жандар – әрдайым мамандардың жіті қадағалауында. Режим бойынша тамақтанады, психологтың жеке қабылдауында болады.
АХАТ БАЙҚАБЕКОВ: СҚО психикалық денсаулық сақтау орталығының психиатр-нарколог дәрігері:
— Орталыққа түскен азамат жұмыс ісейтін болса, жұмысқа жарамсыздық қағазы толтырылады. Әр емделушіге жеке ем тағайындалады. Үлкен жастағыларға оның соматикалық ауруларына сәйкес дәрігерлер қабылдауына баратын болады.
Айта кеткен жөн, орталықта ем қабылдау анонимді түрде жүргізіледі. Яғни, науқастың қоғамдағы абыройына еш залал келмейді. Онымен қоса, қолдау іздеген жандар орталыққа телефон арқылы хабарласып, кәсіби кеңес ала алды.