Ескендір Дәуітов атындағы колледжде интернет-алаяқтыққа қарсы бағытталған іс-шара өтті. Оған колледж студенттері қатысты. Жиын барысында жастарға алаяқтардың жиі жасайтын іс-қимылдары, айла-тәсілдері таныстырылды. Себебі, бұл – түйткілді мәселе. Аталмыш қылмыс түрі өңірде өршіп тұр. Өткен жылы әлеуметтік желіде жасырынған қулар 600-ге жуық адамды сан соқтырса, екі аптаның ішінде 7 адамды алдап кеткен.
ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
— Біз бұл іс-шараға колледждің 3-4 курс студенттерін шақырдық. Қазіргі таңда қариялар ғана емес, жастар да қаскөйлердің құрығына ілініп жүр. Осы мақсатта түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Оның барысында біз жасөспірімдерге ақпараттық қағаздар таратамыз, интернет-алаяқтарының жасауы мүмкін әдіс-әсілдерін көрсетеміз.
Іс-шараға қатысқан жандардың бірі – Олеся Лелях. Нәзікжанды бұл жиыннан түйгенім мол дейді. Оның айтуынша, сан алуан ақпараттың дұрыстығын әрі бұрыстығын ажырата білу қажет. Сонда ғана адам алаяқтарға алданбайды.
ОЛЕСЯ ЛЕЛЯХ, студент:
— Қазіргі таңда интернет жастардың өмірінде елеулі орын алады. Шыны керек, онсыз жұмыс істеу, білім алу қиын. Бірақ бұл жағдайда сауатты болған жөн. Өз басым қоңырау шалған бейтаныс адамдарға, келіп түскен жарнамаларға аса қатты сенбеймін әрі алған ақпараттың анық-қанығына көз жеткіземін.
Тәртіп сақшыларының айтуына қарағанда, интернет-алаяқтардың басты назары – қарт адамдарда. Бірақ жастар да көптеп алданып жатыр. Облыс бойынша қулардың құрығына ілінген ең жас өңір тұрғыны 18-де.