Өмір сыйла – донор бол! Солтүстікқазақстандық шекарашылар облыстық орталыққа қан тапсыру үшін келіп отыр. Мақсат бір – құндылығы алтыннан да қымбат әрі тапшы дүниені өткізіп, хал үстінде жатқан адамның өмірін сақтап қалуға үлес қосу. Ең алдымен сауысқандай сақ қызметкерлер дәрігерлердің қарауынан өтті. Бойы мен салмағы және қан қысымы тексеріліп, гемоглобин көрсеткіші бақыланды. Бұл – игі іс алдындағы маңызды процесс. Себебі, тексеріссіз донор атанса қанға мұқтаж адамның өміріне қауіп төнуі мүмкін.
ЕВГЕНИЯ ЗАХАРОВА, облыстық қан орталығының дәрігер-терапеві:
— Игі іске бірінші рет барғандардан 350 мл қан қабылданады. Тұрақты донорлардан көптеу алынады. 2025 жылы орталыққа 10 мыңнан астам жерлесіміз келді. Соның 90 пайызынан қан алдық. Себебі, бәрі бірдей донор бола алмайды. Егер адамдар дәрігердің есебінде тұрса, дәрі-дәрмек қабылдаса, қан тапсырмайды. Статистикаға сүйенсек, елімізде көбіне 1-ші қан тобы кең таралған.
Донор болу – сауапты іс. Бір рет қан тапсырған жан үш адамның өмірін құтқарады. Бұл игі іс арқылы өзгеге ғана емес, өзіне де пайдаң тиеді. Дәлірек айтсақ, қан тапсыру адам өмірін 5-7 жылға дейін ұзартады.
МҰХТАР АЙМАНОВ, ҚР ҰҚК Шекара қызметі СҚО бойынша департаментінің аға барлаушысы:
— Облыстық департаментте еңбек етіп жүргеніме үш жылдан асты. Облыстық қан орталығына барлығы 10 қызметкер келдік. 2012 жылдан бері қан тапсырып жүрмін.
Ал бұл кабинетте адамдардан алынған қан толықтай тексеріледі. Содан соң тиісті медициналық мекемелерге жөнелтіледі.