Кеше сағат 19:00-де 101 пультіне М.Жұмабаев ауданындағы Майбалық елді мекенінде жер үйлердің бірі өртке оранды деген хабарлама түскен. Келіп жеткен құтқарушылар үйді қызыл жалын толықтай шарпығанын көреді. Оған қоса баспананың төбесі құлаған. Бізде бар мәліметтерге сүйенсек, үйінділердің арасынан 1988 жылғы азамат пен оның 2022 және 2024 жылы дүниеге келген екі баласының мәйіті табылды. Бірақ оны іздеу ұзақ уақытқа созылған.
ӘДІЛ СПАЕН, СҚО ТЖД басқарма бастығының орынбасары:
— Ұзақ жалғасқан себебі, үйдің төбесі құлаған. Бұл адамдардың денесін үйінді астынан іздеуді қиындатады. Оған қоса баспана толығымен өртеніп әрі температураның жоғары болуына байланысты дененің кейбір мүшелері болмаған.
Өрт 64 шаршы метр аумақты шарпыған. Қазіргі таңда өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Сонымен қатар, оқиға орнында департамент басшылығы жұмыс істеуде әрі ведомство психологтары марқұм балалардың анасына қажетті психологиялық көмек көрсетіп жатыр.
ӘДІЛ СПАЕН, СҚО ТЖД басқарма бастығының орынбасары:
— Өрттің себептері мен жағдайы анықталуда. Арнайы топтық құрама қызметкерлері жұмылдырылған. Қазіргі таңда оқиға орнында М.Жұмабаев ауданының ішкі істер бөлімінің қызметкерлері әрі тәртіп сақшылары бар.
Айта кетейік, жыл басынан бері бұл оқиғадан бөлек өңірде 11 өрт тіркелген. Тілсіз жаудан адам қаза табу жайты осы Майбалық ауылында тіркеліп отыр.