Ауыл шаруашылығы

«Буденное СК» серіктестігіне Германиядан асылтұқымды мал әкелінді

ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:

— Германия-Қарағанды-Солтүстік Қазақстан облысы, нақтырақ айтқанда, Ғ.Мүсірепов ауданының орталығы, Новоишимское ауылы. Бірнеше жүк көлігіне тиелген асылтұқымды ірі қара мал мыңдаған шақырымды артқа тастап, қас қарайған шақта өздерінің жаңа мекеніне жетті. Бұлар – өнімділігі аса жоғары құнажындар. Жақын арада төлдейді. Артынша голштин тұқымды сиырлар сауылып, өңірдегі сүт өндірісінің көлемін әрмен қарай арттыруға үлес қосады.

«Буденное СК» серіктестігінің тауарлы-сүт фермасын кеңейту жобасының алғашқы кезеңінде Германиядан 165 бас голштин тұқымды ірі қара әкелінді. Қарағандыға ұшақпен жеткізілген жануарлар ауылға дейін көлікпен тасымалданды. Мұндағы ферма 1200 басқа арналған. Ақпан айының соңына дейін тағы 500-ге жуығы, ал көктемде Даниядан 300-ден астам мал әкелу жоспарланған.

МАҚЗҰМ ДЮСЕЛЕКОВ, «Буденное СК» ЖШС директорының орынбасары, Ғ.Мүсірепов ауданы:

— Сүт фермасы 1,5 жыл ішінде салынды. Жобаға шамамен 10 млрд теңге инвестиция құйылды. Бұл ең алдымен, Президентіміздің ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығына ерекше көңіл бөлуінің арқасында мүмкін болды. Сонымен қатар, АШМ тарапынан қомақты субсидия бөлінді. Облыс деңгейінде де нақты қолдау көрсетіліп, «Солтүстік» ӘКК тарапынан 3,5 млрд теңге қаржы бөлінді.

Голштин тұқымы – сүт өнімділігі жоғары, генетикалық әлеуеті мықты, заманауи тауарлы-сүт фермаларына бейім мал. Осындай асылтұқымды ірі қараны әкелу барысында «Буденное СК» шаруашылығы шетелдік серіктестермен тығыз әріптестік орнатқан. Германия мен Даниядағы тәжірибелі компаниялармен бірлескен жұмыс малдың сапалы іріктелуіне, тасымалдау мен бейімдеу үрдістерінің талапқа сай жүргізілуіне мүмкіндік берді.

ЮЛИЯ ВЕЙБЕР, “Masterrind GmbH” компаниясының экспорт жөніндегі менеджері, ГФР:

— Биыл әуе арқылы мал жеткізуіміз үшінші рет жүзеге асып отыр. Қазақстанмен біз ұзақ жылдан бері жұмыс істейміз. Мал жеткізу бойынша бірнеше сәтті жоба жүзеге асырдық.

Жеткізуші компанияның көпжылдық тәжірибесі мен сенімді серіктестігі асылтұқымды малдың сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Буденное СК» кәсіпорнының мамандары жаңа малды қабылдап қана қоймай, оның жергілікті жерге бейімделуін тұрақты бақылауда ұстайды. Асылтұқымды мал – ферма табысының негізі, ал бұл табыс өз кезегінде өңірдің тұрақты дамуына серпін береді.

ТАЛҒАТ НАУРЫЗБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

— Облыс бойынша ірі қара мал саны 284,3 мың басты құрайды, оның ішінде 61,4 мың бас – асылтұқымды. Оның 33 мың басы – сүтті бағыттағы асыл тұқымды малдар. Соңғы 3 жылда сүт өндірісі 15%-ға өсті.

Мал басының артуы – «Буденное СК» серіктестігі үшін жаңа белес. Жоба толық іске қосылысымен мұнда 80-ге жуық жұмыс орны құрылады. Шаруашылық сүт өндірісін дамытуға басымдық беріп отыр.