Қоғам

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі

Өткен сенбіде Петропавлдың бірнеше жерінде кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Соның бірі адамдар жиі баратын “Коммуналдық базарда” өтті. Мұнда аққайыңдық және қызылжарлық кәсіпкерлердің тауарлары сатылды. Жақын маңда тұратын тұрғындар сапасы жоғары, бағасы төмен азық-түлік саудаланатын уақытты біледі. Бұл күні халық ерте келіп, сауда жасауды әдетке айналдырған. Қызылжарлық кәсіпкер Құсман Сәулетбай сатып тұрған қой еті бірден көзге түседі. Шопан ата төлі таза сойылыпты, бағасы да төмен.

ҚҰСМАН СӘУЛЕТБАЙ, саудагер, Қызылжар ауданы:

— Келісін 2200-2500 теңгеден сатамыз. Ауылдан 3 мың теңгеден сатамыз. Жәрмеңке болған соң бағаны түсірдік.

Еттің түр-түрі, сүт өнімдері, бал, картоп. Азық-түлік молынан. Халық таңдап жүріп сауда жасады. Сатып алғанды жәрмеңкеден қос қолмен көтеріп әкетіп жатқандар да болды.

ҚАНАТ ДАРБАЕВ, Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және ветеринария бөлімінің басшысы:

— Шамамен 350 литр сүт, 250-300 келі картоп, 500 келіден артық ет әкелдік. Негізгі сатып алушылар – зейнеткерлер. Олар әрдайым алады, қуанып қалады. Баға нарықтағы бағадан 20 пайызға арзан.

Жәрмеңке халық үшін тиімді. Адамдар бір жерден қажеттіні алып, келесі сенбіге дейін тұтынады. Жалпы, сенбіде Петропавлдың 3 бірдей базарында жәрмеңке өтті. Халыққа 5 тоннаға жуық өнім сатылды. Оның жалпы құны 8 млн теңгеге жақындайды. Өткен жылдағы дерекпен де бөліссек. Былтыр өңір аумағында 350 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылған.