Құқық қорғау органдары

Аң және балық аулау тәртібі түсіндірілді

Аң және балық аулау – бірсыпыра адамның ермегі. Алайда, оның өзіндік тәртібі бар екенін білу қажет. Кейбіреулер қызығушылыққа салынып, ереже бұзып, жануарлар әлеміне зиян келтіруі мүмкін. Мысалы, қармақ ұстайтындар сүйікті ісімен рұқсат етілмеген жерлерде айналысуы ықтимал. Уылдырық шашатын уақытты да ескеру қажет. Бұл кезеңде балық аулауға қатаң тыйым салынады. Осы және өзге де дерек облыстық прокуратура өкілдері ұйымдастырған шара барысында айтылды.

МҰСЫРМАН ЖАЙНАРОВ, балықшы:

Балық аулаумен айналысып жүргеніме көп болды. Өзіме бұл іс ұнайды. Осындай іс-шара ұйымдастырып жатқанына рақмет.

Аң аулау кезінде де тәртіпке бағыну қажет. Айдында алдыңнан шыққанды қынадай қыру – қылмыс. Бұған жол бермес үшін жауапты органдар өңір аумағында 50-ден астам рейд өткізіпті. Оның барысында табиғат аясында уақыт өткізуді жөн көретіндерге тиісті талап түсіндірілген.

БАУЫРЖАН АСЫЛЖАНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жануарлар дүниесі жөніндегі аумақтық инспекцияның басшысы:

Бүгінгі акцияның негізгі мақсаты – аң аулау, балық аулау ережелерінің сақталуы. Қазіргі уақытта заңсыз аң аулау, балық аулау әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Алайда бұған адамдар қарап жатқан жоқ. Оның алдын алу үшін осындай профилактикалық шаралар ұйымдастырып жатырмыз.))

Статистикаға көз жүгіртсек. 2025 жылы облыста аңшылық пен балық аулау ережесін бұзған жандарға жалпы сомасы – 10 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл тағайындалған. Мың жарымға жуық адам жазаланыпты. Ал сотқа дейінгі тергеп-тексерулер тізімінде 17 қылмыстық іс тіркелген. Бұл бойынша 18 тұлға қылмыстық жауапкершілкке тартылған.