Қоғам

Тасқынға дайындық: Петропавлда 19 эвакуациялық пункт құрылды

ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:

— Қыстың қақ ортасына да жеттік. Араға бір-екі ай салып көктем де келеді. Жылдың бұл мезгілінде кезекті мәрте тасқын қауіп төндіруі мүмкін. Топан су таяған шақта екі аяқты бір етікке тықпас үшін солтүстікқазақстандықтар қазірден қамданып жатыр. Бөгеттер нығайтылуда. Оны көпшілік біледі. Сонымен қатар, өңірімізде қауіпті аумақтағы адамдарды көшіретін пункттер де әзірленуде.

Петропавлдағы №13 орта мектепте жылда эвакуациялық пункт құрылады. Заречный кентіндегі ең биік нүкте – осы оқу ошағы орналасқан жер. 2024 жыл елдің есінен шыққан жоқ. Сонда айналаны басқан топан су білім ұясына кірмеді, абдыраған ағайынның уақытша қауіпсіз орнына айналды. Алдағы көктем қарсаңында арнайы қосын тағы ашылып отыр. Былтыр мұнда 55 жатын орын болса, биыл 100-ге жақындаған. Маңайдағы үйлердің бірінде тұратын Рахматолла Хұсайынов қауіп төнсе бірден мектепке келмек.

РАХМАТОЛЛА ХҰСАЙЫНОВ, Заречный кентінің тұрғыны:

— Бұл – біздің үйренісіп кеткен бекетіміз. Төтенше жағдай орын алса барлығымыз осы жерге жиналамыз. Мұнда медициналық көмек көрсетіледі. Әкімшілік тарапынан жатын орындар ұсынылып, азық-түлік беріледі. Көктемге ертерек дайындалған дұрыс деп есептеймін. Ауа райы күрт жылынса, үлгермей қалу қаупі бар.

Пунктке келген адамдар алдымен полиция қызметкерінің тексерісінен өтеді. Мамандар олардың құжаттарын рәсімдеп, ішке кіргізеді. Іште қабылдаушылар тұрғындарды тіркейді, төсек-орын, тамақ ұсынады. Қажеттілік туындаса, ақ халатты абзал жандар көмек көрсетеді.

АБАЙ ҚАЙСИН, қалалық №13 орта мектебінің директоры:

— Қазіргі таңда мектебімізде 48 қызметкер еңбек етуде. Әр маман өзіне артылған жауапкершілікті терең сезініп, міндетін жоғары деңгейде атқарады. Жоспар бойынша нысанның 1-ші және 2-ші қабаттарындағы сыныптар жатын бөлмелеріне айналады. Ұсақ-түйектің барлығын ойластырып жатырмыз. Ертең абдырау, адамдарды күтіп қалу жайты орын алмауы тиіс.

Тасқын Петропавлдың Зеречный кентіне ғана қауіп төндірмейді. Су шамадан тыс көп келсе, қаланың өзге де бөліктеріне кіруі мүмкін. Сол үшін адамдар уақытша тұратын бірсыпыра бекет дайындалады.

ТЕМІРХАН САҒЫНДЫҚОВ, қалалық ТЖБ азаматтық қорғаныс тобының офицері:

— Эвакуациялық пунктің басты мақсаты – тұрғындарды қабылдап, оларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету. Петропавл қаласы әкімінің шешіміне сәйкес, қала аумағында 19 эвакуациялық пункт ұйымдастырылған. Аталған пункттердің барлығы «2gis» цифрлық қосымшасында бар.

Осы күндері аудандарда да эвакуациялық пункттер құрылуда. Жоспар бойынша алдағы көктемде өңіріміздің су басу қаупі жоғары аумақтарында 90-ға жуық қосын ашық болады.