СҚО әкімдігі

Парламент депутаттары нысандарды аралады

Облыста жұмыс сапарымен жүрген Парламент депутаттары Еркебұлан Мәмбетов, Дмитрий Колода мен Әсем Рахметова бірқатар нысанды аралады. Олар әуелі жаңа мұз сарайында жасалған жағдаймен танысты. Кейін депутаттар “Береке” ықшам ауданындағы “Келешек мектептері” жобасы аясында қолданысқа берілген білім ұясында болды. №29 орта мектепте 30-ға жуық оқыту бөлмесі мен екі спортзал бар. Халық қалаулылары әр кабинетті аралап, оқушыларға жасалған жағдаймен танысты.

Парламент депутаттары табан тіреген келесі маңызды нысан – саңырауқұлақ фермасы. Өндіріс орнындағы заманауи құрал-жабдықтар Польшадан жеткізілген.

ЕКАТЕРИНА АСАЁНОК, “Eco Glade” ЖШС директоры:

Қазіргі таңда екінші нысанның құрылысы жоспарланып отыр. Кейін өнім көлемі екі есеге өседі. Саңырауқұлақ өсіру қияр, қызанақ баптағандай емес, оның өзіндік қыр-сыры бар. Мәселен, әр камераның климаты жіті қадағаланады. Бөгде адамдарға бұл жерге кіруге болмайды. Жүйенің бәрі автоматтандырылған. Тек өнім жинау процесіне адам күші қажет. Бұл істі автоматтандыру мүмкін болмай тұр. Өйткені, жұмысшылар арасынан іріктеп, түбінен пышақпен кесіп алулары тиіс.

Бірегей жобаның жүзеге асырылуымен танысқан депутаттар оң бағасын беріп, жалпы өңірге келудегі мақсаттарына тоқталды.

ЕРКЕБҰЛАН МӘМБЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жаңа жылдан кейін халықпен кездесуді бастадық. Бұған дейін біз Есіл ауданы, Тимирязев және Мағжан Жұмабаев аудандарында болып, тыныс-тіршілігімен таныстық. Біздің өңірімзде басқа салада тәжірибеміз бар. Ал саңырауқұлақ өсіру облыста алғаш рет қолға алынып отыр. Жоспар бойынша жылына 2 мың тонна шампиньон өндіруді көзделген екен.

Шампиньон фермасы іске қосылғалы бір айға жуық уақыт өткен. Осы уақыттың ішінде мамандар 30 тоннаға жуық өнім жинаған. Тауар қазір өңір нарығына шығарылып жатыр. Алдағы уақытта Астана мен Ресейдің көрші қалаларына жөнелтілмек.