Облыс әкімінің бірінші орынбасары Петропавлдағы қар шығару қарқынымен танысты. Марат Тасмағанбетов Жұмысшы кентіндегі Караван және Жас Өркен шағын ауданындағы Партизан көшелерінде жүргізіліп жатқан жұмысқа оң бағасын берді. Мердігерлермен тілдесу кезінде маңызды тұсты еске алды. Техника жиектастарға зақым келтіруі мүмкін. Бұған жол бермеу үшін күрек ұстаған адамдарды жұмылдыру керек.
Назарбаев пен Шәжімбаев көшелеріндегі қарды шығаруға «КазМехМонтаж» серіктестігі жауапты. Мердігер күндіз де, түнде де бұл істі тоқтатпайды. Жұмысқа 40 техника, оның ішінде 20 ауыр жүк көлігі жұмылдырылған.
ЖАНАТ ҒАЛИЕВ, “КазМехМонтаж” ЖШС директорының орынбасары:
— Сонымен қатар, қарды күрекпен тазалап жүрген жұмысшыларымыз да бар. Олар жаяу жүргінші жолақтарын, техника кіре алмайтын аймақтарды ақ ұлпадан тазартады. Күндіз де, түнде де жұмыс істейміз. Бұның барлығы қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіз жүріп-тұруы үшін жасалады. Біз халықтың арыз-шағымын да ескерусіз қалтырмаймыз. Мәселе туындаған жағдайда қала әкімдігімен бірлесіп шешеміз.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтың айтуынша, қалаға қар түскеннен бері 110 мың мың текше метр ақ ұлпа шығарылды. Тазалау жұмыстары жоспарлы түрде жалғасуда. Көктайғақтың алдын алу да маңызды мәселе саналады. Қысқы маусымға дайындық аясында 5 мың текше метр құм-тұз қоспасы және 250 тонна реагент дайындалыпты.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
— Облыс әкімі Ғауез Торсанұлының тапсырмасы бойынша қаланы аралап, қар шығару жұмыстарымен танысып жүрмін. Арнайы жоспар бар. Бір түннің ішінде 12 мың текше метр қар шығаруымыз керек. Оған барлық жағдай жасалған. Қосымша 15-тен аса су жаңа заманауи техника сатып алынды. Істі жалғастыру керек. Кестеден қалу болмауы тиіс.
Жалпы шаһардағы жолдардың ұзындығы 366 шақырымды құрайды. Қысқы кезеңде жүйелі жұмыс жүргізу үшін қала 9 аумаққа бөлінген. Қазіргі уақытта Петропавлда көшелерді қардан тазалау жұмыстарына 170 техника тартылған.