Аты-жөнін атамауды, түрін көрсетпеуді өтінген 22 жастағы азаматша дәл жаңа жыл қарсаңында қыз баланы дүниеге әкелді. Шақалақ жіті тексерілді, перинаталдық орталықтағы нәрестелер патологиясы және шала туған нәрестелерді күту бөлімшесінде бақылауа болды. Ал кеше жалғызбасты ана мен сәби перзентханадан шығарылды. Шыққан сәтте сәби ұстаған жалғызбасты ана күлім қақты. Оны қалалық жастар ресурстық орталығының мамандары мейіріммен қарсы алды. Қолдарында қыз балаға арналған заттар мен арба бар. Бұлар құттықтау барысында табысталды. Жас ана баспанасыз қалмайды. Ол “Аналар үйіне” орналасты, енді қызы екеуі жаңа өмір бастады. Бұл – тағдырдың сынағына тап болған нәзікжандыларға жылулық пен қолдау сыйлайтын мекен. Мұнда аналар балалары 3 жасқа толғанға дейін тұра алады.
АЙСҰЛУ БЕКІМОВА, қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:
— Біз “Аналар үйінде” тұратын әйелдерге әрқашан көмектесеміз. Керектінің бәрін апарып тұруға тырысамыз. Одан бөлек, жалғызбасты аналарды перзентханадан шығарып, құттықтаймыз. Оларға мұндай қолдау, махаббат өте қажет деп білеміз.
Бұл ретте қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдерімен жомарт кәсіпкерлердің де демеуін айтуымыз қажет. Біздің арамызда барымен бөлісетін іскер азаматтар бар. Мұндай жерлестеріміздің жәрдемі көңілге жылу сыйлайды.