Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Сенат және Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатына қатысты пікір білдірді. Халық қалаулылары сұхбаттың салмақты болғанын алға тартады. Әсем Рахметова Президенттің көрегендік қасиетін аңғарған.
ӘСЕМ РАХМЕТОВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
— Бұл сұхбаттағы айтатын ең басты мәселе – Президенттің алдағы бағдары мен халықтың өмірімен етене таныс болуы. Көп жағдайда кейбір басшылар байқамай қалатын мәселелер Мемлекет басшысының назарында екенін аңғардық. Соның ішінде қарапайым халықтың өміріне қатысты жол-су мәселесі, инфраструктура мен тариф мәселесі бар.
Мемлекет басшысы өз сұхбатында ауыл шаруашылығы саласына да тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев оны елдің әлеуметтік әл-ауқаты мен өңірлік дамуында маңызды стратегиялық сала екенін атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
Егін шаруашылығындағы нәтижелер өте жақсы болды. Астық пен ұн экспорты рекордтық деңгейге жетті, өнім жеткізілетін елдердің географиясы кеңейе түсті. Бұл – егіннің шығымдылығы мен ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға арналған шаралардың нақты нәтижесі. Енді басқа бағыттардағы жұмысты күшейту қажет.
Айта кетейік, аймаққа жұмыс сапарымен келген Сенат және Мәжіліс депутаттары Президент сұхбатындағы маңызды тұстарды жер-жерде талқылап, көпшілікпен бөлісіп жүр.