Шал ақын ауданының 62 жастағы тұрғыны үйдей бәледен аман қалды. Желтоқсан айында зейнеткерге белгісіз ер адам қоңырау шалып, оның атына маркетплейс арқылы сәлемдеме келгенін хабарлайды. Тауарды жеткізу үшін жерлесіміз СМС кодты айтады. Кейін айлакерлер тағы да хабарласып, өздерін банк және құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырады әрі әйелдің атына несие рәсімделіп жатқанын жеткізеді. Олар бұған жол бермеу үшін шұғыл түрде айналмалы қарыз алып, қаражатты “қауіпсіз шотқа” аударуды талап етеді. Бұған сенген өңір тұрғыны 500 мың теңге несие рәсімдейді. Кейін қулар олжаны Петропавл қаласындағы банкомат арқылы аударуды талап еткен. Алдап-арбауды әбден меңгерген пысықайлардың айтуымен зейнеткер жүздеген шақырым жердегі облыс орталығына келеді. Абырой болғанда сауда орталығында абдырап жүрген әйелді полицейлер байқап қалған. Мамандардың жедел әрекетінің арқасында қаражат алаяқтардың шотына түскен жоқ.