Әділдік әр жерде болуы тиіс. Дүкен-базарларда да алдап-арбау орын алмауы міндетті. Сол үшін Петропавлда «Адал полицей» акциясы ұйымдастырды. Алдын алу шарасы бірнеше бағытты қамтыды. Оның аясында арнайы топ өкілдері саудагерлермен қауышып, алаяқтар жайлы баян етті. “Алтын Арман” – халық көп жүретін базар. Мұнда тауардың түр-түрі сатылады. Солардың барлығының құжаты бар ма? «Адал полицей» акциясының бір бағыты – рұқсатсыз тауарға тосқауыл қою. Шараға әділет департаментінің өкілдері де қатысты. Аталған орган мамандары былтыр бірнеше бұзушылықты әшкере етіпті.,
МАРИЯ ТОМАС, СҚО әділет департаментінің бөлім басшысы:
— Өткен жылы департамент тарапынан 6 тексеру жүргізілді. Оның нәтижесінде бөгде тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін 6 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған тұлғалар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 158-бабында көзделген тәртіппен жауапқа тартылды. Яғни, 747 мың теңге айыппұл төледі. Заңсыз айналымнан жалпы сомасы 4 млн теңгеге жуық тауар алынды.
Назар аударатын тағы бір жайт – полиция мен саудагерлер арасындағы байланыс. Тараптар ортақ тіл табуы мүмкін. Арада ақша жүрсе, заңсыз тауар халыққа жетеді. Акция барысында кәсіпкерлерге пара берудің залалы жайлы да айтылды.
АЙСҰЛУ БЕКІМОВА, қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:
— Алдағы уақытта «Адал полицей» акциясы аясында қаладағы барлық базарды, сондай-ақ адамдар көп жиналатын өзге де қоғамдық орындарды қамту жоспарланып отыр. Бұл бастама тұрғындарды кең көлемде ақпараттандыруға бағытталған.
Ұйымдастырушылар тауар алар кезде мұқият болу қажеттігін ескертеді. Мұндай сәтте әр адам өнімнің сапасы, құжаты жайлы сұрауға құқылы.