Құқық қорғау органдары

“Заң мен Тәртіп”: оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру

Ә.Бөкейхан атындағы №25 мектеп қабырғасында “Заң мен Тәртіп” идеологиясы аясындағы айлық бастау алды. Бұл науқан барысында балалар құқықтық сауаттылықтарын арттырмақ. Олармен қауышуға тәртіп сақшылары арнайы дайындықпен келіпті. Мамандар кәмелетке толмағандарға қатысты заңдар жайлы баяндады.

ӘЙГЕРІМ ШОҚАН, Петропавл қаласы ПБ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы:

Негізінен, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі туралы айтылады. Мысалы, 442-бап 2-ші бөлім, 440-бап 2-ші бөлімге тоқталамыз. Яғни, кәмелетке толмағандар қандай жағдайда жауапқа тартылатынын оқушыларға жеткіземіз.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, оқушылар арасында негізінен ұсақ бұзақылықтар жиі тіркеледі. Сонымен қатар, кешкі уақытта үлкендердің қарауынсыз көшеде жүру, үйден қашу сынды фактілер де бар. Мектеп – балаға тәлім-тәрбие беретін жер. Заңның ала жібін аттамайтын тұлға қалыптастыру үшін білім ұяларында тағылымдық шаралар жиі өтуі тиіс.

ЖҰЛДЫЗ ХАСЕНОВА, Ә.Бөкейхан атындағы №25 мектептің директоры:

Мектеп қабырғасында бұл концепцияға тек қаңтар айында ғана емес, оқу жылы бойы назар аударамыз. Осы мақсатта көптеген жұмыстар жүргізіледі, әсіресе жоғары сынып оқушыларымен жүргіземіз. Мұндай шаралар үлкен нәтиже береді. Себебі, балалар қазірден заңды жақсы білсе, бұл ертеңгі күні болатын тәртіпсіздіктің алдын алады.

Бүгінгідей ақпараттық шара Ә.Бөкейхан атындағы орта мектепте ғана емес, өңіріміздің өзге де білім ұяларында өткізілді.

ДИАННА ҚАЗБЕКОВА, облыстық білім басқармасы әдістемелік орталықтың әдіскері:

Облыс көлеміндегі барлық мектеп қатысуда. Күн сайын шаралар ұйымдастырылады. Мысалы, дөңгелек үстел, “Ұшқыр ой алаңы” деген дебаттық ойындар, сондай-ақ ата-аналар мен мемлекеттік қызметкерлердің қатысумен кездесулер өткізіледі.

Жалпы, “Заң мен Тәртіп” тұжырымдамасы негізгі мақсаты – адал азамат қалыптастыру. Бұл – еліміздің әрбір тұрғынының заңды біліп, оны сақтауына бағытталған бастама.