Қозыбаев университетінде дәстүрлі спартакиада өтіп жатыр. Бұл спорттық шара ұжымды біріктіреді, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Оқытушылар мен қызметкерлер командаларға бөлінген. Олар факультеттердің намысын қорғайды.
ЕРБОЛ ИСАТАЕВ, Қозыбаев университеті студенттермен жұмыс департаментінің менеджері:
— Бүгінгі жарысқа университеттің 8 факультетінен командалар жиналды. Сонымен бірге әскери кафедра мен басқару аппараты жеке құраммен қатысып отыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл қатысушылар саны артқан. Алда қызықты әрі тартысты ойындар күтіп тұр.
Биылғы спартакиада спорттың 8 түрін қамтиды. Бүгін командалар волейбол сайысында кездесіп, күш сынасып жатыр. Әр ұжым әр ұпай үшін күресуде.
ДАНИЯЛ АБУОВ, спартакиада қатысушысы:
— Қарсыластарымыз лайықты, ойындары жоғары деңгейде дегім келеді. Жаңа нағыз тартыс болды. Жеңіске жетіп, көш басына шықтық. Инженерия және цифрлық технологиялар факультетін чемпион қылу – ортақ мақсатымыз. Соған жетеміз деген ойдамын.
Командалық рух пен достық атмосферасы сезілетін бұл спартакиада екі аптаға жоспарланған. Алдағы күндері қатысушылар жүзу, шахмат, шағын футбол, шаңғы тебу бойынша сынға түседі. Соңында үздік командалар мен спортшылар медальдармен, арнайы сыйлықтармен марапатталмақ.