Теріскейліктер соңғы ардагерді ақтық сапарға шығарып салды. ҰОС-ның ардагері Федор Щеглов ересек өмірдің баспалдағын ерте аттаған азамат еді. Небәрі 17 жасында қан майданға аттанып, 371-атқыштар дивизиясының қатарында жауға қарсы тұрды. Германиядағы Палау шаһары үшін жан алысып жан берісті. Кейін Жапониядағы соғысты да бастан кешірді. Ал елге аман-есен оралған соң, құрылыс саласында өнімді еңбек етті.
ИМАНҒАЛИ ТАТВАЕВ, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
— Туған күніне небәрі 3 күн қалғанда батырымыз бақилық болды. Федор Щегловтың 99 жылдығын лайықты атап өтуді жоспарлаған едік, бірақ сұм ажал айтпай келді. Оның өңірге сіңірген еңбегі орасан зор, соғыстан кейін тұралап қалған кәсіпорындарды қалыпқа келтіруге ат салысты.
Әдетте оркестрді шерулерде, салтанатты шараларда көреміз. Бүгін арадагердің ауласында баяу музыка ойнады. Жиналған халықтың да қарасы қалың болды. Барлығы қариямен қимай қоштасты. Көздеріне жас алғандары да аз емес. Қаралы жиынға ардагердің жақындары, достары, таныстары мен қоғам белсенділері қатысты. Сонымен қатар, шараға облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев қатысып, өңір жетекшісінің атынан көңіл айтты. Федор Щегловтың артында 4 баласы және 5 немересі қалды. Іс-шарада олар да сөз сөйлеп, ардагерді ақтық сапарға шығарып салуға жиналған тұрғындарға ризашылығын білдірді.
ВИКТОР ЩЕГЛОВ, ҰОС ардагері Федор Щегловтың ұлы:
— Ол өмірінде ештеңеден қорықпайтын еді. Әкеміз тынымсыз еңбек ететін, тіпті демалыс күндері жұмысқа шығып әріптестеріне қол ұшын созатын. Оның ақкөңілділігі де бір төбе. Осы жақында – Жаңа жылда немерелері, шөберелері хабарласып, мерекемен құттықтады. Барлығы жақсы, көңіл күйі көтеріңкі еді. Амал жоқ, бүгін әкемізбен қоштасуға тура келіп отыр.
АНТОН ЩЕГЛОВ, ҰОС ардагері Федор Щегловтың немересі:
— Мектеп кезден бастап атамның әңгімелерін тыңдауды ұнататынмын. Әрдайым атам жайлы шығармаларды мақтанышпен жазатын едім. Ол – менің мәңгі жүрегімде.
Айта кету керек, Федор Щеглов Ұлы Отан соғысына қатысқан өңірдегі соңғы ардагер еді.