Петропавлда шағын футболдан жасөспірімдер арасында қысқы лига өтті. Жарысқа қалалық 8 команда қатысты. Ойыншылардың дені – 11-12 жастағы балалар. Солардың бірі – Әлихан Оразбай. Ол – “Жеңіс” футбол клубының ойыншысы. Алаңда доп қуалап жүргеніне бірреше жыл болыпты.
ӘЛИХАН ОРАЗБАЙ, футболшы:
— Мен “Жеңіс” командасында ойнаймын. Жейдемдегі нөмір – 11. Ырымдап таңдап алдым. Футболмен 4 жасымнан бастап айналысамын. Ал жалпы қатысып келе жатқаныма 7 жыл болды. Футбол өмірімнің мәніне айналды десем де болады. Бүгін жақсы өнер көрсеттік. Қарсыластарымызды жеңдік. Бұл менің бірінші сайысым емес, бірнеше рет республикалық жарыстарға да қатысқанмын. Болашақта әлемге танымал спортшылардың бірі болғым келеді.
“Қызылжар” футбол клубының ойыншысы Сайлауке Өтеев бүгін бірнеше рет гол соққан. Ол командасының алдағы уақытта биік белестерден көрінетініне сенімді.
САЙЛАУКЕ ӨТЕЕВ, футболшы:
— Мен шабуылшымын. Ойында бірнеше рет көзге түстім. Зор жетістік деп білемін. Жарыста 3-ші орын алуымыз мүмкін. Бұған еңсемізді түсірмейміз. Нәтиже алға жетелеп, бұдан да жоғары жетістікке жетуге итермелейді. Қарсыластарымыз осал емес.
Облыста өткен жылы құрылған “Сұңқар” балалар футбол лигасы – аз уақыттың ішінде өңірдегі жас спортшылардың басын қосқан маңызды бастама. Ұйымдастырушылар талантты жастардың танылғанын қалайды. Сол үшін сайыстарды жиі өткізеді. Турнир барысындағы әр кездесу тартысты өтті. Балардың көзінде от бар. Бұл – спорттық мансаптың бастамасы. Жас дарындар аянбай тер төксе, шетелде өнер көрсетуі мүмкін.
АЙДАР ВАЛИЕВ, “Сұңқар СҚО” балалар футбол лигасының өкілі:
— Жарысқа 60 шақты футболшы қатысуда. Бір командада 10-ға жуық бала өнер көрсетеді. Арасында тәжірибелі де, тәжірибесі аз ойыншылар да бар. Жеткіншектер уақыттарын бос өткізбес үшін сайысты арнайы қысқы демалысқа орай ұйымдастырып отырмыз. Спортшылардың футболға деген ынтасы жоғары. Негізі, футболмен айналысқысы келетін балалар ерте үйірмелерге жазылғаны жөн.
Үш күнге созылған жарыс жеңімпазы – “Сұңқар” командасы. Жеңіс тұғырына көтерілген ұжымдар марапатқа ие болды. Ойыншылар арасындағы үздіктер де қошеметке бөленді.