Өңірге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода келді. Іссапар Есіл ауданынан басталды. Депутаттар Покровка мен Мальцево ауылдарын байланыстыратын автомобиль жолындағы көпір құрылысының барысымен танысты. Бұл көпір – стратегиялық мәні бар нысан, сондықтан ол талапқа сай және уақытылы пайдалануға берілуі қажет деді мәжілісмендер. Сондай-ақ, аудан активімен кездесу ұйымдастырылды. Жиында әлеуметтік-экономикалық даму, инфрақұрылым және тұрғындарды толғандырған мәселелер талқыланды. Ал қоғамдық қабылдау барысында халықтың денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жол жөндеу мәселелері бойынша бұйымтайлары тыңдалды. Барлық мәселе депутаттардың бақылауына алынды.