Жұдырық ала жүгіретін жандар лайықты түрде жазаланады. Енді Қазақстанда медицина қызметкерлеріне айбат шеккен, зақым келтірген тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді.
ТИМУР СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ҚР денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:
— Парламент Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген медицина қызметкерлерін қорғау туралы заңнамаға енгізілген түзетулерді мақұлдады. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қатысты жасалған зорлық-зомбылық үшін жеке қылмыстық жауапкершілік енгізіліп жатыр, сондай-ақ дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетігі іске қосылды. Әлеуметтік қолдау шараларының арқасында дәрігерлердің тапшылығы 19%-ға, орта медициналық персонал 7%-ға, ауылдық жерлерде 16%-ға төмендеді.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау бірінші вице-министрі мамандардың табысына қатысты дерекпен бөлісті. Биыл ауыр жүкті арқалап жүрген абзал жандардың еңбек ақысы артады. Алайда, барлығының бірдей кірісі ұлғаймайды.
ТИМУР СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:
— 2026 жылдан бастап инфекциялық қызметтер мен жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің жалақысын арттыру қарастырылған, ал дәрігерлерге қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтіледі. Сақтандыру моделіне көшуді, халықты қамту көлемін кеңейтуді және медициналық қызметтер сапасын мемлекеттік бақылауды қалпына келтіруді көздейтін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жөніндегі заң қабылданды.
Бірінші вице-министр атап өткендей, қабылданып жатқан шаралар айтарлықтай нәтиже бере бастады. Мәселен, Қазақстанда халықтың болжамды өмір сүру ұзақтығы 75,8 жылды құрайды, өлім-жітім көрсеткіштері төмендеуде. Жеке тоқталсақ, өлім-жітім 2,6%-ға, ал нәресте өлімі 18%-ға қысқарды.