ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:
— Қарты бар үй – қазыналы үй. Алайда, баға жетпес байлыққа тең қарияларымыздың кейбірі бүгінгі таңда тұрмыстық қолдауға мұқтаж. Осындай жандарға қалалық жастар ресурстық орталығының белсенділері үнемі қолғабыс етеді. Дәл қазір еріктілер Лазаревтар отбасына көмек көрсетіп, олардың үй ауласын ретке келтіріп жатыр.
Жұмысшы кентінде тұратын ерлі-зайыпты зейнеткердің ауласын күзететін иті және сенім артар немересі ғана бар. Ол қолы босағанда келіп, жәрдем береді. Алайда, әрдайым қастарынан табылмайды. Бір түнде ғана аула қарға толды. Жүруге қиындық тудыратын ақ ұлпаны жастар сыртқа шағарды. Людмила Петровна – екінші топтағы мүгедек. Ал 70-тен асқан жолдасы ауыр жұмысқа жарамсыз.
ЛЮДМИЛА ЛАЗАРЕВА, қала тұрғыны:
— Бұл үйде жолдасыммен бірге тұрамын. Екеуміз де зейнеткерміз әрі өзім науқаспын. Шаруаның барлығына шамамыз келмейді. Біздің шақыруымыз бойынша еріктілер келіп көмектеседі. Олар су әкеледі, қар тазалайды, отынымызды кіргізеді. Балаларға алғысымыз шексіз.
Ұйымшыл жастар жылдам қимылдады. Олардың бірнешеуі ауланы қардан арылтса, бірі су тасыды. Тырнақтай ғана тірлік қарттардың жүзіне қуаныш сыйлайды. Ал ұлдарды еңбекке жақындатады, бірлікке шақырады.
АЙСҰЛУ БЕКІМОВА, қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:
— Біз қарт адамдарға жиі көмек қолын созамыз. Тобымызда 3 жылға жуық тер төгіп жүрген еріктілер бар. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, осындай ұйымшыл топпен егде жастағы адамдарға барынша көмектесуге тырысамыз. Өзіміздің тізім бар. Сол бойынша шешім қабылдаймыз. Кейде арнайы шақырту бойынша барамыз.
Жастар ресурстық орталығы өкілдері 30-ға тарта жанұяға жәрдем беріп тұрады. Былтыр шамамен 600 мәрте үйлерге барыпты. Олар жұмыспен шектелмейді. Үнемі жылу күтетін, кеңескісі келетін қарттармен әңгімелеседі, ақыл-кеңес алады.
Жангельді Жамалиев