Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Рождество мерекесіне дайындық

Православ сеніміндегі христиандар асыға күтетін Рождество мерекесі келіп қалды. Қаңтардың 6-шы жұлдызынан 7-сіне қараған түні жұртшылық кезекті діни амалдарды жасайды. Көбіне адамдар шіркеуге барады, дұға оқиды және жарық жұлдыздың көрінуін күтеді. Діни сенім бойынша бұл түн сиқырға ие болады. Тілек тілеген барлық адамға Құдай көмек қолын ұсынады, рахымын жаудырады. Рождество мерекесінің өзіндік тарихы бар. Бұл күні православтар ерекше құрмет тұтатын, қастерлейтін Иса Пайғамбар дүниеге келген.

СЕРГЕЙ ПЕРВУШИН, Петропавл және Булаев епархиясының хатшысы:

— Мерекенің басталуы алдында аузымызды ашамыз. Қарашаның 28-ші жұлдызынан бері 40 күн аузымыз берік болды. Бұл кезеңнің өзіндік мәні бар. Мұндағы басты қағида – тамақтан тыйылу емес, рухани тұрғыда жаңғыру, жаратқанға тазару арқылы жақындау. Әр адам өз-өзін қолға алуы тиіс. Сонда жүрек түкпірінде жаратқанға деген құрмет, сенім және адалдық пайда болады.

Православ сеніміндегі христиандар Рождествода бір-бірін құттықтауға асық. Олар мерекеге орай дастархан жаяды. Көңілді отырыстарда жылы сөздер айту, игі тілек білдіру – қалыптасқан дәстүр.