Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов 2026 жылдың алғашқы жұмыс күнін Ғ.Мүсірепов ауданында өткізді. Арнайы жасаған сапары барысында өңір жетекшісі Чистополь ауылдық округіне ат ізін салып, әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты, тұрғындармен кездесті.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Аудан және Чистополье ауылының тұрғындары, ең алдымен сіздерді Жаңа жылмен құттықтаймын. Тұрғындар біраз мәселені көтерді. Соларды шешу үшін бүгін арнайы жұмыс тобымен келіп отырмыз.
Негізгі көтерілген мәселелер – жолдардың сапасы, абаттандыру, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі және инфрақұрылымды дамыту. Алғашқысы бойынша біраз шаруа атқарылды. Соңғы 2 жылда автомобиль жолдарын салу мен жөндеуді қамтитын ауданның даму бюджеті 20 млрд теңгеден 41 млрд теңгеге дейін өсті. Чистополь ауылдық округінің қазынасы да айтарлықтай ұлғайды. Қаржы түрлі жобаларды бастауға мүмкіндік берді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Біз жолды жөндеуіміз қажет. Екі жылда «Петропавл-Жезқазған» республикалық маңызы бар автомобиль жолының Новоишимское ауылынан Ақмола облысының шекарасына дейінгі 120 шақырымнан астам бөлігіне, сондай-ақ Шал ақын ауданы бағытында 14 шақырымға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылы «Рузаевка – Ақмола облысы» республикалық маңызы бар автомобиль жолына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Жоба үш жылға шақталған. Мемлекеттік сараптама 1 шілдеде аяқталады, одан кейін жобаның нақты құны бекітіледі. Мамандардың алдын ала деректері бойынша, жобаның болжамды құны 30 млрд теңге болмақ. Сонымен қатар Чистополь ауылында елді мекен ішіндегі жолдар мен жаяу жүргінші жолдарын жөндеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде, шамамен 4 шақырым жолды асфальттау және 7 шақырымға жуық жолды қиыршық таспен төсеу жоспарланған.
Одан бөлек, Чистополь орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Биыл спорт залы жөнделеді, қажетті спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ арнайы автокөлік сатып алу жоспарланған. Қаңтар айында округ аумағында банкомат орнатылады. Бұл қаржылық қызметтердің жергілікті жерде қолжетімділігін арттырмақ.
РУСЛАН АҢБАЕВ, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:
— Мейлінше көп Чистополье ауылы тұрғындарының жұмыспен қамтылғанын қалаймыз. Жақында жанар-жағармай саудасымен айналысатын кәсіпкерлермен тілдестім. Біз елдімекенде жанармай құю бекетін ашылғанын қалаймыз. Осы арқылы бірнеше жұмыс орны пайда болады.
Жұмыс сапары барысында Ғауез Нұрмұхамбетов Тахтаброд ауылындағы дәрігерлік амбулатория мен мәдениет үйіне барды. Ағымдағы жылы соңғы аталған нысанды жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Байболат Құлтанов