СҚО әкімдігі

Қоғам белсендісі Президенттің сұхбатына қатысты пікір білдірді

Жыл басында ауқымды сұхбат беру – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанатын қағида. Биыл Мемлекет басшысы “Turkistan” газетінің тілшісімен тілдесіп, өзекжарды мәселелерге тоқталды. Былтыр Салық кодексі қызу талқыға түсті. Орын алатын реформаларға халық күмәнмен қарап, көкейде күдік ұялағаны жасырын емес. Құжат жеті рет өлшеп, бір кесу арқылы әзірленді және қабылданды. Әлемдік тәжірибеге назар аударылған.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

— Әрине, салық реформасы – өзекті мә­селе және бұған қатысты пікірталас­тар­дың болуы әбден түсінікті. Дегенмен, ел ішінде дүрбелең туғызып, жұртты дүр­ліктірудің ешқандай жөні жоқ. Мұн­дай реформа көптеген елде жүргізіліп жатыр. Мысалы, Ресейде қосымша құн са­лығы жуырда 22 пайызға дейін кө­теріл­ді. Біздің реформамыз – қатардағы «фис­калдық науқан» емес, салық жүйе­сін қайта құру деген сөз. Алдымызда тұр­ған басты міндет – экономиканың тұрақ­ты өсімін қамтамасыз ету. Үкіметке ашық әрі ұғынықты Салық кодексін әзір­леу тапсырылды. Министрлер каби­неті­нің бұл тапсырманы қаншалықты та­бысты орындап шыққанын биыл көре­тін боламыз.

Қоғам белсендісі Гүлбақша Мұсабаева өзгеріске қатысты өз пікірін білдірді. Жерлесіміздің сөзінше, салық – желге шашылатын ақша емес, мемлекеттің дамуына септігін тигізетін басты қаржы. Бұған түсіністікпен қарау қажет.

ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, заң ғылымдарының кандидаты:

— Маған Президенттің ойы ұнады. Ол салыққа босқа кеткен ақша ретінде қарамау керектігін айтты. Бұның артында адамның отансүйгіштік қасиеті тұр. Жалпы, мемлекет басшысының ойлары қазақстандықтар арасында жаңа мәдениетті қалыптастырып отыр деп санаймын.

Сонымен қатар, Гүлбақша Мұсабаева мемлекет басшысының жасанды интеллект пен цифрлық даму бағытына баса назар аударғанын жеткізді. Бұл – жаһандық жаңғырудың бастауы. Қоғам белсендісінің пікірінше, көштен қалмау үшін әр саланы алға сүйреу керек.

 

Ұлан Ыдырыс