Қоғам

Қалада қар тазалау жұмыстары жүргізілуде

Түні бойы толассыз жауған қар мен ұйытқыған боран өңір тұрғындарын әбігерге салды. Синоптиктердің айтуынша, 5 күннің ішінде аймақта бір айлық көлемдегі қар түскен.
Қала көшелерін ақ ұлпадан аршу үшін күн демей, түн демей коммуналдық қызмет мамандары шығады. Олар бұл іске түнде кірісіп кетті. Ал жаяу жүргіншілер жолағы мен мемлекеттік мекемелердің аумағы таңғы 6-дан бастап тазаланып жатыр.

БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

— Қыс мезгілінде жүйелі жұмыс жүргізу үшін Петропавл 9 секторға бөлінген. Сол учаскелер бойынша жолдарды қысқы тазалау мен күтіп ұстау жұмыстарына 170-ке дейін техника жұмылдырылады. Мамандар алдымен магистральдық көшелер, тротуарлар және әлеуметтік нысандарға кіреберістерді тазалауда. Қыс маусымы басталғаннан бері қаладан 90 мың текше метрге жуық қар шығарылды.

Облыс орталығындағы көшелердің жалпы ұзындығы 370 шақырымға жуықтайды. Ішкі жолдарды көктайғаққа қарсы өңдеу үшін 5 мың текше метр құм-тұз қоспасы мен 250 тонна реагент дайындалған. Қар аршу жұмыстары республикалық маңызы бар жолдарда да қызу жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда бұл іс Мамлютка трассасының бойында өтуде. Оған “ҚАЖсервис” серіктестігі жауапты. Жолдарды тазалауға 10-ға жуық техника жұмылдырылған.

НИЯЗБЕК АХМЕДЬЯНОВ, “ҚАЖсервис” ЖШС СҚОФ Петропавл ЖПП шебері:

Ауа райы күрт өзгеріп, жолдарда көктайғақ пайда болуда. Сол себепті, баршаңызды жолда аса мұқият болуларыңызды сұраймын. Қар тазалауға жалпы 60-қа жуық жан, 40-тан астам техника жұмылдырылған.

Тиісті жұмыстар облыстық маңыздағы жолдарда да жүргізілуде. Бұл іске 60-тан аса маман мен 50-ден аса техника тартылған.

 

Ақтолқын Солтанханқызы