Өңірге жұмыс сапарымен Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев келді. Ол Қызылжар ауданындағы “Крестьянский двор СК” серіктестігінің жұмысымен танысты. Кәсіпорындағылар мал шаруашылығымен айналысады. Мұнда қазір айршир тұқымды 250 бас сиыр бар. Таяу арада тағы 150-ге жуық ірі қара жеткізіледі. Қазір тәулігіне 3 тонна сүт жиналса, алдағы уақытта көрсеткіш 5 тоннаға жетуі мүмкін.
СЕРГЕЙ САВЧЕНКО, “Крестьянский двор СК” ЖШС басқарушысы, Қызылжар ауданы:
— Жануарларға берілетін азықты өзіміз дайындаймыз. 2 мың гектар жеріміз бар. Ол жерде астық дақылдары мен көпжылдық шөп өсіреміз. Маусымдық жұмысқа 10-ға жуық маман тартылады. Дені – жастар. Серіктестікте кадр тапшылығы бар. Бізге келген жұмысшыға тиісті жағдай жасалады: жақсы жалақы төленеді, тұратын үй беріледі.
Шаруашылықта 50-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 400 мың теңгені құрайды. Есілдік азамат Иван Пиковец келіншегімен бірге былтыр келіпті. Айтуынша, мұнда еңбек адамына лайықты жағдай жасалған.
ИВАН ПИКОВЕЦ, “Крестьянский двор СК” ЖШС ветеринарлық технигі, Қызылжар ауданы:
— Біз бір жыл бұрын көшіп келдік. Жұмысым өзіме ұнайды. Малдың жай-күйіне жауаптымын. Әйелім осындағы цехта қызмет етеді.
Анас Ахатұлы кәсіпорындағы өндірістің ұйымдастырылуына, еңбек жағдайына және даму бағытына оң бағасын берді. Сонымен қатар, еліміздің басқа өңірлерінде де осындай өндірісті қолға алып, жас кадрларды қолдау қажеттігін айтты.
АНАС БАҚҚОЖАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
— Біздің өңірлерге шығу мақсатымыз – өндірістік жұмыстармен танысу. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесімен бүкіл Қазақстанда 2 жарым пайызбен инвестициялық жобалар іске асып жатыр. Енді бұл жұмысты одан әрі жалғастыру қажет.
Қоса кету керек, Ташкентка ауылындағы сүт фермасы – өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосып отырған маңызды кәсіпорындардың бірі.
Мәдина Қаби