СҚО әкімдігіҚоғам

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы тексерілді

Жаңа жылдың басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі 19-дан 31 атауға дейін кеңейтілді. ҚР Сауда және интеграция министрі қол қойған бұйрық заңды күшіне енді. Енді 31 тауар түрі мемлекет тарапынан реттеледі. Бұл туралы барлық сауда желілері мен кәсіпкерлерге хабарланып, олар толықтай жаңа тәртіпке өтті. Жұмыстың орындалу барысын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тексерді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке сауда үстемесі 15%-дан аспауға тиіс. Талап бұзылған жағдайда кәсіпкерлік субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

ҚАНАТ ЖЕҢІСБЕКҰЛЫ, СҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:

— 2025 жылы осындай құқықбұзушылық үшін 97 кәсіпкерлік нысаны жауапқа тартылған, олардың 94-і сауда үстемесін негізсіз көтерген. Қазіргі уақытта өңірде баға тұрақты. Бағаның өсуіне алғышарт жоқ. Мониторинг жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.

«Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына қарасты тұрақтандыру қорында бүгінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 19 атауы бойынша өнім қоры қалыптасқан. Барлық тауарлар қоймаларда сақтаулы. Жалпы көлемі – шамамен 12 мың тонна. Баға тұрақты, өткен жылдың деңгейінде. Алдағы уақытта бағаның көтерілуі күтілмейді.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЕСДӘУЛЕТОВ, «СОЛТҮСТІК»ӘКҚ» АҚ басқарма төрағасы:

— Қосымша енгізілетін 12 атау бойынша да жұмыс жүріп жатыр. Бұл тауарларды сатып алу үшін қосымша қаржы бөлу мәселесі қарастырылуда. Қалада тұрақтандыру қорының 7 сауда нүктесі бар, ал бір нүкте Бескөлде орналасқан. Барлығы күн сайын жұмыс істейді. Әр нүктеде тауар бағалары ашық көрсетілген. Қазіргі таңда бағаның өсуіне себеп жоқ.

Мамандардың айтуынша, өңірде бағаның өсуіне алғышарт жоқ. Әкімдік пен құзырлы орган өкілдері алдағы уақытта да бақылауды күшейтпек.