— Жүргізушілер өздері қалаған нөмірмен жүргісі келеді. Бұл – көпшіліктің ұстанатын қағидасы. Ендеше, сол күн де жетті: енді әр көлікке жеке даралық сыйлайтын, қалауыңызға сай нөмірді таңдау мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік тіркеу нөмірін алу рәсімі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүргізіледі. Жаңа жүйе енгізілгеннен бері сұраныс күрт артты дейді мамандар. Мысалы, сенбі күні 27 адам нөмірге тапсырыс берсе, бүгін олардың саны 200-ге жуықтады. Көлігін қалауы бойынша рәсімдегісі келетін жүргізушілер көп. Жаңадан пайда болған тәсіл тұрғындардың көңілінен шығуда.
ДАНА ИГЕНОВА, қала тұрғыны:
— Мен бастапқыда 015 нөмірін алуды жоспарлаған едім, бірақ оған біреу әлден тапсырыс беріп қойған. Сосын амалсыздан 150 нөміріне келісім бердім. Әріптерін де өзім таңдадым.
Қалаған нөмірді алу үшін азаматтар алдын ала кезекке тұрады. Жүйе рәсімдеудің әділ және тәртіппен өтуін қамтамасыз етеді. Ерекше сұранысқа ие нөмірлер үшін бөлек баж белгіленген, бұл жүргізушілердің құқықтарын тең сақтауға мүмкіндік береді.
АРАЙ ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
— 5 қаңтардан бастап азаматтар мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы таңдай алады. Бұл ретте кез келген қажетті әріптік және цифрлық белгілері бар МТНБ құны 10 АЕК және 15 АЕК мөлшерінде болады жоғары сұранысқа ие МТНБ-ны қоспағанда.
Айта кету керек, жаңа жүйе арқылы азаматтар өз нөмірін таңдау кезінде өтінімнің жағдайын онлайн бақылап, қосымша ақпарат пен кеңес ала алады. Бұл рәсімдерді 15 күннің ішінде өңдеуге мүмкіндік береді.
Жангельді Жамалиев