Балалар

Жаңа жылда өңірде 8 бала дүниеге келді

2026 жылы алғаш болып өмірге шекесі торсықтай ұл бала дүниеге келді. Ол түнгі сағат 2-ден 10 минут кеткенде туған. Салмағы – 3 келі 740 грамм. Бұл – Микрюковтар отбасының 3-ші баласы. Балақайдың есімін Макар деп қойыпты. Анасы мен сәбиді үйде әкесі мен екі 2 әпкесі күтіп отыр.

АННА МИКРЮКОВА

— Перинаталдық орталыққа 31-ші желтоқсан күні түстім. Көптен күткен ұлым Жылан жылы дүниеге келеді деп ойлағанмын, бірақ жаңа жылды күтті. Ұл бала босанған өзгеше қиынырақ екен. Қазір үйде екі бірдей көмекшім бар, үлкен қызым 9-да. Бізді асыға күтіп отыр.

Жылқы жылы дүниеге келген тағы бір нәресте – Медина есімді сүйкімді қыз. Сәбидің салмағы – 4 келі 700 грамм, ал бойы – 59 см. Ол түскі сағат екілер шамасында өмірге келген. Анасы Динара Кулушева кенжесін кесір тілігі арқылы босаныпты. Осылай Кулушевтар жанұясы көпбалалы отбасылар қатарын толықтырып отыр.

ДИНАРА КУЛУШЕВА:

— Босануым өте жақсы өтті. Бұған дейін екі рет осы перзентханада босанғанмын. Тұңғышым – ұл бала және егіз ұл-қызым бар. Енді міне кішкентай ханшайымымыз дүниеге келді. Қазір баланың да, өзімнің де жағдайым жақсы.

Жалпы, облыстық перинаталдық орталықта 2026 жылдың алғашқы күні 6 бала дүниеге келген. Тайынша мен Ғ.Мүсірепов ауданында тағы екі бала өмір есігін ашқан. Оның 4-еуі ұл бала болса, қалғаны – қыз.

МӘДИНА ЗАКЕРЬЯНОВА, облыстық перинаталдық орталықтың статистик-дәрігері:

— Жаңа жыл түні кезекші топ қызметте болды. Босану процестері жеңіл өтті, асқынулар тіркелген жоқ. 8 ананың тек біреуіне ғана кесір тілігі отасы өткізілді. Қалғаны табиғи жолмен босанды. Қазіргі таңда аналар мен сәбилердің жағдайы жақсы. Бүгін үйге шығарылады.

Ел көлемінде 31-ші желтоқсаннан 1-ші қаңтарға қараған түні 254 сәби өмірге келді. Ал жалпы демалыс күндері өңірде 40-қа жуық ана балаларын құшағына алды.

Ақтолқын Солтанханқызы