Азық-түлік алуға шығамыз деп үйінен айырылды. Қаңтардың 2-сі күні Шал ақын ауданындағы Арай ауылында түскі 1-ден аса жапсарласа орналасқан үйден өрт шықты. Екі пәтерлі баспананың 60 шаршы метрді құрайтын бір бөлігі толықтай жанып кетті. Мұнда қос балалы жас отбасы тұрған. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. От сымның қысқа тұйықталуынан шыққан. Отағасы жергілікті серіктестікте жұмыс істесе, келіншегі бала күтімімен үйде отырған. Қазір жанұя мүшелері ата-аналарының үйін паналауда. Жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр.
Жалпы, өңірде мереке күндері 9 өрт тіркелді. Оның 1-еуі Петропавл қаласында орын алды. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, оқиғалардың басым бөлігі тұрғын үйлер мен шаруашылық құрылыстарында болған. Абырой болғанда, адам шығыны тіркелген жоқ.
БОЛАТ ОСПАНОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік бақылау басқармасының бас маманы:
— Алдын ала мәлімет бойынша келтірілген материалдық шығын көлемі 4 млн теңгеге жуықтайды. Өрттің шығу себебі – көбіне пешті орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы және электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерінің бұзылуы.
Мамандар пиротехникалық заттарды да тәркіледі. Заңсыз питротехникалық дүние сатқан 35 адам анықталды. Оларға салынған айыппұл құны 2 млн теңгеге жуықтайды.
Еске сала кетейік, өңірде жаңажылдық демалыста жарқылдақ затты жағу кезінде жапа шегу жайты тіркелген жоқ.