Бүгін Мемлекет басшысының “Turkistan” газетіне берген кең көлемді сұхбаты жарияланды. Оның барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы салық саясаты, экономиканың өсімі, сондай-ақ, инфрақұрылым, көлік және логистика салаларын дамыту мәселелеріне айрықша тоқталды. Президенттің айтуынша, Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Экономикамыз 6 пайыздан астам өсті. Ішкі жалпы өнім 300 млрд доллар межесіне жетіп, жан басына шаққанда 15 мың доллардан асты. Бірақ мен барлық мемлекеттік қызметшілерге тоқмейілсіп, масайрап отыруға мүлдем болмайтынын үнемі айтамын. Біз тынымсыз еңбектеніп, тек алға ұмтылуымыз керек. Оның үстіне, түйіні тарқатылмаған түйткілдер аз емес.
Мемлекет басшысының бұл сұхбаты жөнінде қоғам белсенділері не дейді? Қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Татваев бұл жайында өз пікірін білдірді.
ИМАНҒАЛИ ТАТВАЕВ, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
— Мені ардагер ретінде елдегі коммуналдық қызмет жайы алаңдатады. Мемлекет басшысы бұл жайында да айтып өтті. Бұл мені қуантты. Бұл – Президент халық базынасын біледі, оны тыңдай алады деген сөз. Сонымен қатар, сұхбатта әскердегі болып жатқан қайғылы оқиғалар жайлы да сөз болды. Бұл – назар аударатын мәселелердің бірі.
Мемлекет басшысы берген сұхбатында «Таза Қазақстан» акциясы жайлы сөз етті. Ел Президенті бұл жұмыстың мән-маңызын атап өтті. Себебі, «Таза Қазақстан» жұртты үнемшіл әрі ақпейіл болуға, даңғазалықтан арылуға, үнемі ізденіп, алға ұмтылуға, ортақ жауапкершілікті ұмытпауға, елге жанашырлық танытуға шақырады.
ДАРИҒА СМАЙЫЛОВА, «Ассамблея жастары» РҚБ СҚОФ бойынша өкілдігінің жетекшісі:
— Бүгін Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» жалпыұлтты бастама жайлы айтып өтті. Қазіргі таңда бұл – өзекті мәселелердің бірі.
Сонымен қатар ел басшысы өз сұхбатында мемлекетте болған әрі орын алатын оң өзгерістер жайлы да айтып өтті. Оның ішінде салық кодексі, бюджет қаражатын тиімді игеру сынды мәселелер де бар.
Ұлан Ыдырыс