Облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев қала супермаркеттеріне барып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізді. Бақылау барысында нан, ұн, қант, өсімдік майы мен сүт сынды өнімдердің құнына ерекше назар аударылды.
ҚАНАТ ЖЕҢІСБЕКҰЛЫ, СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:
— Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың саудадағы үстеме бағасы 15 пайыздан артық болмауы тиіс. Бұл – біздің жіті бақылауымызда. 2025 жылы тексеріс барысында азық-түлік өнімдерінің құнын негізсіз көтерудің 100-ге жуық фактісі анықталған болатын. Айыпты тұлғалар жауапқа тартылды.
Супермаркет иелерінің айтуынша, баға тұрақты. Ешкім азық-түлік құнын шарықтатып жатқан жоқ.
ЕВГЕНИЙ БОГДАНОВ, супермаркет желілерінің негізін қалаушы:
— Бізде барлық әлеуметтік маңызы бар тауарлар толық көлемде. Бағаны өзгерткен жоқпыз, себебі бұл біздің құзырымызда емес. Қазіргі таңда тұтынушылар арасында дүрбелең жоқ. Азық-түлік бағасын тиімді ету мақсатында жұмыс істейтін боламыз.
Өткен жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне 19 өнім кірген. Енді 2026 жылдан бастап сауда және интеграция министрлігінің жаңа бұйрығына сәйкес өнімдер саны 31-ге дейін кеңейтілді. Бұл қадам – инфляцияны тежеуге бағытталған шара.
ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
— Бүгін біз мониторинг тобымен әрі сауда министрлігінің өкілдерімен бірге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құнын тексердік. Оның қорытындысы бойынша баға өсімі байқалмайды. Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне балық та енгізілді. Енді біз балық шаруашылықтарымен келісімге келеміз. Бұл балық өнімдерінің қолжетімді болуына септігін тигізеді.
Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын бақылау алдағы уақытта да жалғасын табады. Келесі кезекте – үй жанындағы дүкендер.
Ұлан Ыдырыс