Мереке күндері солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істеді. Жедел басқару орталығы мамандарының ұсынға мәліметіне сәйкес демалыс күндері 450-ге жуық қоңырау келіп түскен.
ЕРІК ҚҰЛЖАНОВ, СҚО ПД жедел басқару орталығының бастығы:
— Қаңтардың 1-і мен 4-і аралығында 102 нөміріне 448 хабарлама келіп түсті. Оның 36-сы қоғамдық тәртіпті бұзуға қатысты. 32-сі тыныштықты бұзу фактісі бойынша. Аса және ауыр қылмыстар тіркелмеді.
Жалпы, 2026-ның алғашқы күндері мүліктік сипаттағы үш қылмыс тіркелген. Оның екеу – ұрлық, біреуі көлік айдап әкету дерегі. Ал алаяқтық фактісі бойынша бірде-бір өтініш түспепті. Осы орайда тәртіп сақшылары тұрғындарға қырағылық танытып, өзгеге жеке деректерді жарияламау керектігін, сондай-ақ sms арқылы келетін кодтарды хабарламау қажеттігін тағы бір ескертуде. Жалпы, бұл бағытта киберполицияның ел көлемінде атқарып жатқан еңбегі орасан. Өткен жылы мамандар мен байланыс операторлары бірлесіп 19 млн-нан астам жалған қоңырау бұғаттаған. Тиісті жүйе іске қосылғалы мұндай 85 млн-нан астам қоңырауға тосқауыл қойылыпты.
ЖАНДОС СҮЙІНБАЙ, ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы:
— Біздің департамент мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы қылмыстың алдын алу бойынша біраз жұмыс атқаруда. Бұрынғы “дәстүрлі” қылмыстар интернет дамыған заманда онлайн-кеңістікке ауысып, олардың жаңа түрлері шығып жатыр. Бұрынғы ұрлықтардың бәрі онлайнға көшіп, қылмыскерлер жаңа айла пайдаланып, азаматтардың ақшаларын ұрлау үшін интернеттің дамыған техникаларын қолдануда. Мұндай қылмыспен күресуді үш бағытта жүргізу қажет. Ол – заңнамалық шаралар, екінші – техникалық шаралар, үшінші – профилактикалық шаралар. Осы шараларды бірлесіп атқарған кезде ғана киберқылмысты тоқтатуға болады.
Қазақстан киберполициясы 2025 жылы шетелде 7 call-орталыққа тосқауыл қойғын. Одан бөлек Қазақстан аумағында 6 call-орталық жойылыпты.