Балалар

“Аяз ата бол” акциясының қорытындысы жарияланды

Қалада «Аяз ата бол! Сиқырлы орманның ғажайыбы» атты қайырымдылық акциясы сәтті аяқталды. Бұл игі бастама көптеген баланың жүзіне қуаныш сыйлап, Жаңа жыл мерекесін ерекше көңіл күймен қарсы алуға мүмкіндік берді. Акцияға қатысқан балалар өз тілектерін хат арқылы жолдап, армандарын ақ қағазға түсірді. Солардың бірі – қала тұрғыны Ксения Жукова. Нәзікжандының екі баласы бар: Маргарита бір жарым жаста, ал Рустам жуырда үш жасқа толады. Олар да осы акцияға қатысып, өз тілектерін жолдады.

КСЕНИЯ ЖУКОВА, қала тұрғыны:

— “Аяз ата бол” акциясы туралы Instagram желісінен білдім. Балаларымның атынан хат жазып, олардың арманын жеткіздім. Хатта пультпен басқарылатын көлік пен теміржол ойыншығын сұрадық. Сыйлықтар қолымызға тигенде балалардың қуанышында шек болмады.

Ұйымдастырушылар әр хатты мұқият оқып, балалардың тілектерін орындауға барынша күш салды. Кейбірі тәттілерді қаласа, енді бірі ойыншық не киім сұраған. Барлық өтініштер әлеуметтік педагогтармен бірлесіп қаралып, сыйлықтар нақты мұқтаж отбасыларға табысталды.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

— Бүгін біз акцияны ресми түрде аяқтадық, балалардың әрқайсысы өз сыйлығына ие болды. Хаттарын шынайы жазған. Біреуі тәтті толы қалташа қаласа, енді бірі киім сұраған. Сол хаттардың ішінде жүрекке жылы тиетін, әсерлі тілектер де аз болған жоқ.

Акция барысында жүздеген баланың арманы орындалып, мерекелік көңіл күй сыйланды. Ұйымдастырушылар мұндай қайырымдылық шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.

 

Жангельді Жамалиев