Денсаулық сақтау

Жаңа жылды жұмыста қарсы алатын жандар

Жаңа жыл отбасылық мереке дейміз. Оны жанұямен қарсы алу – көпшілік үшін қалыптасқан дәстүр. Алайда, кейбір адамдар жақындарымен бірге мәз-мейрам болмайды. Олар жұмыста тер төгеді. Солардың қатарында әрине ақ халатты абзал жандар бар. Қаңтардың алғашқы күндерінде 103 арнасына түсетін қоңыраулар саны күрт артады. Соған байланысты мерекеде жедел жәрдем қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істейді.

ЮРИЙ БЕЛОНОГ, Облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығының директоры:

— Өзіміздің талапқа сәйкес мереке күндері облыста 35 бригада кезекшілік етеді. Мынандай сандармен бөлісейін.
Біз күнделікті 450-ге жуық шақырту қабылдаймыз. Ал мереке күні бұл көрсеткіш 2 есеге артады. Осыдан 2 жыл бұрын 1 мыңнан астам қоңырау түсті. Бұл антирекорд саналады. Өңір тұрғындарын жылды жақсы бастауға, мұқият болуға шақырамын.

Биыл Нұржігіт Нығметжановтың фельдшер болып қызмет етіп жүргеніне – 5 жыл. Ол былтыр жаңа жыл түнінде кезекшілік етіпті. Сонда адамды ажал аузынан құтқарып қалған. Бұл оқиғаны естен шығару мүмкін емес.

НҰРЖІГІТ НЫҒМЕТЖАНОВ, Облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығының фельдшері:

— Дәл мереке қарсаңында бізге шақырту түсті. Жаңа жылға 15-20 минут қалған кез. Инфаркт алған жанды дереу ауруханаға жеткізіп, құтқарып қалдық.

Ал Светлана Войтенко 21 жылдан бері диспетчер болып жұмыс істейді. Нәзікжанды жаңа жылды талай мәрте әріптестерімен қарсы алып, қоңырауларға жауап беріпті. Оның айтуынша, шақыртулар қаңтардың 1-ші жұлдызында аз болады. Ал кейін көмек сұрағандар көбейеді.

СВЕТЛАНА ВОЙТЕНКО, Облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығының диспетчері:

— Көбінесе бізге жарақат алған, дене қызуы көтерілген жандар қоңырау шалады. Олардың дені Жаңа жыл мерекесінен кейін дәрігерлерге жетеді. Біз олардың барлығы үшін алаңдаймыз. Жағымсыз жайттар туындамас үшін әр нәрсеге сақтықпен қарау қажет.

Иә, қауіпсіздікке ерекше мән берген жөн. Тағам дайындалатын азық-түліктің сапасына назар аудару қажет. Себебі, улану оран алуы мүмкін. Сонымен қатар, ішімдікті шамадан тыс ішпеген жөн. Алкоголь ауырсынуға, үсік шалуға және бұзушылықтарға әкелуі ықтимал.

 

Ұлан Ыдырыс