Өңірде “Пиротехника” жедел-профилактикалық іс-шарасының екінші кезеңі жалғасуда. Полиция қызметкерлері төтенше жағдайлар қызметі өкілдерімен бірлесіп, базарлар мен отшашулар сатылатын сауда орындарын тексеріп жатыр. Арнайы жасақталған 14 мобильді топтың құрамындағы тәртіп сақшылары тиісті құжаттары жоқ бұйымдардың қауіпті екенін ескертеді. Сапасына ешкім кепілдік бермейтін, сақтау талаптары сақталмаған заттар адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Желтоқсанның 5-ші жұлдызында басталған іс-шараның алғашқы кезеңінен бері шенділер заңсыз сату бойынша 31 фактіні анықтады, оның 15-і Петропавлда тіркелді. Рұқсат етілмеген айналымнан жалпы 6 мыңға жуық пиротехника тәркіленді. Рейд қаңтардың 3-і күні мәресіне жетеді.